Жақын уақытта ауадан, тұманнан су өндіру ісі қарқын ала бастайды.
Жақын арада ауадан су өндіруге мүмкіндік туады. Мұндай жаңашылдықты Техас университетінің ғалымдары ойлап тапты.
Ғалымдар адамзаттың ауыз су тапшылығын еңсеруге мүмкіндік беретін, кез келген уақытта ауадан су алуға болатын портативті құрылғы жасап шығармақ. Айтпағымыз халықты су тазарту қондырғылары мен су қоймаларын пайдаланбай-ақ сумен қамтамасыз ету технологиясы арқылы толық қамту болып отыр. Соңғы жылдары әлем елдері конденсация деп аталатын табиғи процестің көмегімен таза суға қол жеткізуді алдына мақсат етіп қойды. Егер жылы су буын тарту арқылы қандай да бір заттың бетін салқындататын күшке ие болса, су тамшыға айналып, жинауға мүмкіндік туады. Құрастырылған жинау жүйесі конденсация үшін жылы су буын тартуға құрылғы бетін суық ұстауға негізделген. Бұл энергияны қажет ететін болған соң тиімсіз. Өнертапқыштар осы қиындықты ысыру үшін тер төгіп жүр. Аталған технология, сонымен қатар су өндіру үшін ауада будың болуына негізделген, яғни оны аптап ыстық орнайтын құрғақ климатта пайдалана алмайсыз деген сөз.
Мұхит бетінен тұщы су жинауға болады, -десе сенесіз бе? Ғылыми технология мұндай ғажапқа да апарар жол тапты. Тек ол емес, жауын-шашынды басқаруға да болатын құрылғы әзірленген. Соңғы бірнеше 20-30 жыл аралығында ғалымдар жаһандық жылынудан орын алған климаттық өзгерістердің салдары мен зардаптарын жоюға күш салып жатыр. Бұл тарапта құрғақшылыққа байланысты тұщы су қорының азаю қатерімен кейбір аймақтар жақын арада бетпе-бет келуі мүмкін. Осыны ескерген ғалымдар тұщы су тапшылығынан шығудың жолын тапқан сияқты. Тұщы су көзіне қол жеткізуге көмектесетін біргей жобалардың қатарында Урбан-Шампейндегі Иллинойс университеті ғалымдарының мұхит бетінен жоғары бу түзілудің табиғи процесін пайдалануды көздейтін жобасын жатқызуға болады.
Ал енді мына қызыққа зер салыңыз. Солтүстігін Жерорта теңізі, батысын Атлант мұхиты шайып жатқан Африка құрлығындағы Марокко елі құрғақшылықтан зардап шегіп жатыр. Су тапшылығы өткір мәселеге айналған. Жауын-шашынның аз түсуіне байланысты. Бұл дағдарысты еңсеру үшін олар тұманды пайдалануда. Марокканың оңтүстік-батысында орын тепкен Сиди-Ифни аймағы, әсіресе Сахара шөлімен шектесетіндіктен су тапшылығынан зардап шегіп отыр. Жәмила Барғаш есімді белсенді әйел бастаған топ бүгінгі таңда Чилиде, Перуде, т.б. елдерде кеңінен қолданыла бастаған өзгеше технологияны пайдалану жолдарын қарастырады. Бұл арада тұманнан су өндіру әдісі турасында сөз болып отыр. Жәмила Барғаштың айтуынша, аталған өңірде жылына орташа есеппен 143 рет тұман түседі. Бұл табиғи құбылыс жергілікті аймақтың географиялық орналасу ерекшелігімен байланысты. Мұхит ағындарынан қалыптасатын жылы ауа Марокконың Атлант жағалауына жақын Сиди Ифни қаласын көктей өтіп, Анти Атлас тауына – тосқауылға тап болады да қалың тұманға айналады. Dar Si Hmad жобасы бүгінде тұманнан су өндірудің ең ірі жобасына айналды. Бутмезгида тауының баурайында немесе сілемдерінде, 1225 м биіктікте ылғал жинау үшін үлкен торлар орнатылған. Торға ылғал булану процесінде тамшы түрінде іркіліп, осындай тәсілмен күн сайын мыңдаған литр су жиналады.