Мәңгілік өмір сүру құпиясы немесе Шыңғыс ханның орындалмаған арманы
Адамзат пайда болып, саналы ғұмыр сүре бастағалы мәңгі жас болу жолдарын іздей бастады.
Грек басшыларының өздерін құдайға теңеуі, жарты әлемді жаулаған Шыңғыс ханның ұзақ өмір сүру сырын сараптауы - адам баласының ең басты қорқынышы өлім екенін көрсетті. Әлем ғалымдары түрлі зерттеулер жүргізіп, айды аспанға шығаруды көздеді. Алайда мәңгі өмір сүру идеясы ақырындап утопияға айнала бастады. Десек те қартаю барысын тежеу мәселелері нәтижесіз қалған жоқ. Тіпті бірнеше гипотезалық жолдарын да ұсынып бақты. «Өмірді ұзарту» қорының президенті Михаил Батин қартаюды ауру деп танып, оны емдеу жолын іздеу керек деп санайды. Іздеп те жүр. Соңғы бірнеше жылда ақпарат көздері жарыса жазып жүрген бірнеше мақаланы көзіміз шалып жүр. Португалдық ғалымдар жасушалардағы анеуплоидия хромосомаларының дамуын тоқтату арқылы қартаюдың алдын алуға болады деген пайымға келіп отыр. Тәжірибе жасаушылар кеміргіштердегі митозға жауап беретін механизмнің жұмысын бұзған. Ал оның бұзылуы қартаюды жеделдетеді. Бұдан соң зерттеушілер орта жастағы адамдарда, қариялар мен жаңа туған сәбилерде бөлінетін фибробласт жасушаларына анализ жүргізді. Сәйкесінше адамның жасы өскен сайын ағзадағы Forkhead box M1 ақуызының бүлінетіні белгілі болды. Мұндай ақуыз гендердің белсенділігін реттеп отырады. Осы ақуызды жасанды жолмен көбейту, хромосомалар санын азайту және қартаю маркерлерін төмендету арқылы адамдардың белгілі бір деңгейде жасаратыны анықталды. Мұны бір деп қойыңыз.
Ал енді, күлкілі болса да, шындыққа жанасатын тағы бір дерек келтірейік. Адамдар мәңгі өмір құпиясын сарыла іздеп, ақылға қонымсыз қадамдарға барып жүргенін көзіміз көріп жүр. Тіпті тылсым күштерге сиынатындардың да қатар көп. Дегенмен адам өмірін шоколад жеумен ғана ұзартуға болады десе сенер ме едіңіз? Керісінше бұл тәтті ағзаға зиян емес пе деген таңданыс та заңдылық. Алайда ресейлік ғалымдар бұл пікіріңізге тұшымды әрі теориялық дәлелденген пікір ұсынбақ. Жоғарыда айтқан шоколадымыз жай шоколад емес. Сиқырлы! Қарапайым тілмен айтсақ, қоспасы ерекше шоколад. Жаңадан шығарылған өнімге "Теңіз жауһары" деген атау берілді. Шоколадтың ішіне теңіз жұлдызы, теңіз кірпісі мен серменеден бөлінетін заттар қосылған. Авторлар бұл топтама қартаю процесін баяулатып, зат алмасуды жақсартатынына сенімді. Бұл өмір сүру сапасын арттырып, адам өмірін ұзартуда қамтамасыз етеді. Айта кетейік, табиғи қосылыстардың медицина-биологиялық құрылымы 40 жылдан бері зерттеліп келеді.
Мәңгі өмір мен ұзақ жасау туралы сөз қозғалғанда бірден ойымызға Жапон елі сарт ете қалады. Осы орайда, әлемдегі ең ұзақ өмір сүретін ұлттың сырымен бөлісе кеткенді жөн санадық. 2020 жылы елдегі жүз жастан асқан қарттар саны – 80 000-нан асты. Кейінгі 70 жылда әлем халқының өмір сүру ұзақтығы артқанын ескерсек, ғалымдар жапондардың көрсеткіші таңғаларлық екенін айтады.
Бұл елде "Окинава диетасы" ең пайдалы деп саналады. Окинава – жүздеген шағын аралдары бар Жапонияның оңтүстік префектурасы. Жапон диетасы негізінен өсімдік тағамдарынан, соя және теңіз өнімдерінен тұрады. Олар Батыс елдерінің тұрғындарына қарағанда тұз бен қанты бар сусынды аз тұтынады. Каназава Медицина университетінің докторы Дайсуке Коя асқазанды 70%-ке ғана толтыру қажет деп санайды. Жапония адамдарының ұзақ өмір сүруінің сыры шикі балық пен теңіз балдырларын тұтынуда емес. Әлемде мұхиттың бойында орналасқан көптеген ел бар, онда жергілікті тұрғындар таңертеңнен кешке дейін теңіз өнімдерін, жемістер мен көкөністерді жейді. Алайда олардың өмірі жапондардан екі есе қысқа. Олардың ұзақ өмір сүру құпиясы – сыпайылығында, олар басқа адамды ренжітпеуге тырысады. Әлемде Жапония сияқты басқа позитивті елді табу қиын. Демек, адам өмірінің ұзақтығы оның жайлы ортасы мен мәдениеті және миын басқара алу формулаларымен есептеледі. Ал фантастикалық фильмдер мен адам қиялынан туындайтын ғажайыптар алдағы уақытта ғылымның күшімен қол жеткізілсе еш таң қалмаңыз.