Тамақ қалдықтарын тастамаңыз! Енді оның да ұшан-теңіз пайдасы бар

  Қоқыс, улы заттар мен азық-түлік қалдықтары дүниежүзілік проблема.

  Бір ғана Солтүстік Америка континентінде тамақтың 50 %-і қоқысқа тасталады. Зиянын өзіңіз бағамдай беріңіз. Қаншама қалдық полигондарда шіріп, ағзаға орасан зор зиянын тигізер метан бөлініп жатыр десеңізші. Экологиялық түйіткілдерді шешу үшін ғалымдар қанша дабыл қаққанымен лайықты шешімін әлі күнге дейін таба алар емес. Десе де соңғы бірнеше жылда айтарлықтай ерекшеліктерді көруге болады. Әсіресе тамақ қалдығынан құрылысқа қажетті цемент өндіру ісі қолға алына бастады. Токио университетінің зерттеушілері адам нанғысыз жаңалық ашты. Қырыққабат пен апельсин қабықтарынан цемент өндіріп отыр.

1325454

  Профессор Юя Сакай бастаған зерттеушілер тобы  «престеу» әдісін қолданып осындай нәтижеге жетті. Алынған цемент беріктігі бойынша басқа цементтерден қалыспайды.

  Өндірушілер бұл жаңашылдық тек қалдық өңдеумен шектелмей, көміртегі шығарындыларын азайтуы мүмкін деген пікірде. Шағын сынақтан өткен технология енді кең көлемде өндірісте қолданылмақ. Авторлар тіпті құрылыс нарығында бағаларда айтарлықтай өзгеріс болады,- деп сендірді.

  Климаттың бұзылуы, ғаламдық жылыну, табиғи ластанулардың алдын алуда орасан табысты жолға жету мүмкіндігі туып отыр. Технология кең ауқымда жүзеге асса, адамзат дәстүрлі цементке тәуелділіктен арыла алады. Қазіргі уақытта цемент өнеркәсібі әлемдік көмірқышқыл газы шығарындыларының шамамен 8%-ін құрайды. Бір оқпен неше қоян атуға болатынын жақсы біледі.

  Ақыры қалдықтар мен қоқыс туралы сөз еткен екенбіз. Мына бір қызықты да айтпай кетуге болмайды. Қоқыс өндіру ісінде тағы ауыз толтырып айтарлық дүние Венадағы қоқыс жағу зауыты. Дунай жағасында қабырғалары өрнекке толы ғимарат бар. Алтын түстес күмбезі мен сақинасы алыстан мен-мұндалайды. Сыртқы сәулеті келіскен ғимарат қоқыс жағып, одан жылу мен қуат алатын зауыт екенін аңғармай да қаласыз. Зауытпен танысып көрелік.

4545454  Кіреберісте таразы орнатылған. Таразы әкелінген қоқысты өлшеп, сұрыптауға арналған. Ескі заттар мен тозығы жеткен жиһаздарға дейін тұтас осы зауытқа жеткізіледі. Зауытқа күніне шамамен  250 көлік қалдық тасымалданады.

  Зауытта жылына 270 мың тоннаға жуық қоқыс жағылады. Конвертордағы қатты қызу зауытқа келетін суды буға айналдырады. Бу турбинаны айналдырып, одан қуат алынады. Сосын ыстық бу құбыр арқылы 60 мың пәтерді жылытады.

89898  Шетелдегі технологиялық серпіліске тамсанып болсақ, елге оралайық. Тұрмыстық қалдықтарды өңдеу мен сұрыптауда айтарлықтай кедергілерді кейінгі жылдары көп байқап жүрміз. Осы орайда экологиялық сарапшы, бұрынғы энергетика вице-министрі Талғат Ақсамбиев өз ойымен бөлісті. Оның пікірінше, елде қатты қалдықтарды сақтайтын полигондардың көлемі 100 миллион тоннадан асады. Оған қоса жыл сайын тағы 5-6 тонна қалдық қосылып отырады. Дегенмен мұның шешімі де жоқ емес. Мәселен, «Қазхром» Трансұлттық компаниясы» зауыты балқыту технологиясы арқылы көміртегі көлемін қысқартуға мүмкіндік алды. Ал сыр елінде мұнай қалдықтарын өңдейтін арнайы кәсіпорын бар. Онда кен алынып болған соң қазылған жерлердегі топырақ құнарлылығын арттыру жолға қойылған.  Мұндай мысалдар жетіп артылады,- деді сарапшы.  Алайда тау-кен өндірісі аумақтарында қалпына келтіру жұмыстары ақсап тұрғанын да жасырмады. Оған қоса пластиктерді пайдалану, шектеу немесе кәдеге асыру ел үшін әлі де өзекті тақырып. Талғат Ақсамбиев «жасыл экономикаға» көшу туралы заңнамалық құжаттарға өзгертулер енгізуді мейілінше тездету керегін баса айтты.

Тек осындай құқықтық өзгерістер мен тұжырымдар жеткіліксіз. Жоғарыда аталған өндірістік жаңашылдық ашуға отандық ғалымдар да көп күш жұмсаса игі еді.