Ақылды үй. Дыбысқа жалтақтап, сөзге бағынатын құрылғылар

  Ақылды адам, ақылды жануар. Мұндай тіркестерді адамзат пайда болғалы қолданып келеміз.

  Бірақ, технология дамығалы жаңа терминдер де пайда бола бастады. Тіпті, ақылды сөзін жансыз заттарға да қолдану мүмкіншілігі туындады. Иә, дұрыс ойлап отырсыз. Ақылды робот, ақылды үйлер туралы соңғы уақытта көп естіп жүрміз. Осылардың ішіндегі үйдегі технологиялық серпіліс жайлы бүгін аз-кем мәлімет беруді жөн санадық. Олай болса, мұқият оқуға дайындала беріңіз. Кеттік!

  Алдымен қысқаша қызықты ақпарат келтіріп өтсек. Сесмикалық аймағына байланысты ақылды үйлерді тұрғызуда Жапония көш ілгері. Әлемдегі ең алғашқы ақылды үй саналатын «Тақ үйі» 1989 жылы бой көтерді. Токио профессоры Кен Сакамураның үйі климаттық өзгеріске бейімділігімен жұртты таңдандырды. Күн ыстық болса, терезе автоматты түрле ашылып, жел мен жауында жылыту системалары іске қосылатындай етіп әзірлеген. Ақылды үйлердің әрі қарай дами бастауы 1999 жылы Disney Smart House  деп аталатын күлкілі фильм ұсынғаннан соң тарады. Бұған қосымша ақылды үй технологиясын дәлелдейтін антикалық шығармалар да аз емес. Осылай пайда бола бастаған тарихи жаңалық қазір жандана түскен. Мәселен, Вашингтондағы Билл Гейтстің «Xanadu 2.0» деп аталатын Gates үйі жоғары технологияның көрінісі екені даусыз. Әр бөлмеде қонақтардың көңілін көтеруге арналған құрылғылар орнатылған.  Ал атақты Amazone компаниясы қызметкерлеріне жеке ақылды үй салып беруге мүдделі екен. Әлем алпауытының бірі Google компаниясы   болашақта барлық үйді қамтитын смарт технологияның қызметін толық өзіне еншілеуді көздеп отыр. Серіктестік таныстырған «Брилио» жүйесі орталық басқару пунктіне айналмақ.

tuQ4L7s8mlc

  Ең алдымен ақылды үй дегеннің не екеніне тоқталайық. Ол – желілік құрылғылар арқылы немесе мобильді қосымшалар арқылы кез келген жерден басқаруға болатын үйдің конфигурациясы. Түсініктірек болуы үшін төмендегі тізімге назар аударыңыз!

  • Интернетіңіз болса болды. Смартфон немесе планшет арқылы құрылғыларды, термостаттарды, шамдарды және басқа құрылғыларды қолжетімді басқаруға мүмкіндік береді;
  • Мұндай үйлерді сым немесе сымсыз жүйемен байланыстыруға болады;
  • Ыңғайлылық пен шығынды азайту мүмкіндігі;
  • Толық автоматтандыру. Қондырғылар қашықтан басқарылады.

  Енді мына қызықты қараңыз. Ең алғашында тек арнайы құрылғы немесе пульт арқылы басқарылған болса, қазір жәй ғана дыбыстау, шапалақ ұру немесе тіпті ыммен де басқару тетіктері ойлап табылды. Мұның бәрін естігенде, пәлсапашылардың «әлемдік жаңалықтарды, жалқаулар ойлап табады» деген сөзіне еріксіз сенуге тура келеді.

sovremennue systemu

  Ақылды тұрмыстық құрылғылар пәтер қожайынының  кестесіне сай жұмыс істейді. Қажет болса, өздігінен өзгертулер де енгізе алады. Жарықтандыруды басқару мүмкіндігі бар үйлерде электр энергиясын үнемдеудің де таптырмас жаңалығы бар. Яғни жарықты сөндіру немесе адам жоқта қосылып қалған құрылғылар өздігінен сөнеді. Ол аз десеңіз, ұрлық немесе басқа да қауіп төнгенде құқық қорғау органдарына хабар беретін арнайы датчиктер қауіптің алдын алудың таптырмас жолы.

  Жаңа айтып кеткеніміздей, ақылды пәтерлерде сымсыз немесе сымды жүйелердің екеуі де болуы мүмкін. Сымсыз жүйелерді орнату тиімдірек.

  Смарт жарықтандыру, бақылау және қауіпсіздік сияқты мүмкіндіктері бар сымсыз үйді автоматтандыру бірнеше мың долларға бағаланады. Нақты соммасы сіздің креативіңіз бен қалтаңыздың қалыңдығына байланысты.  

  Ал сымды жүйелер сенімдірек болып саналады. Тіпті үйді сатқыңыз келсе, оның құнын әжептеуір арттыруға болады. Ең бастысы сымды жүйені бұзу қиынға соғады. Сол үшін де оған деген сенім мол.

5afe9eed9bece

  Шамдарды қосуға және өшіруге, кестеге қоюға немесе күннің шығу немесе бату уақытына байланысты өзгертуге орнатуға болады. Кейбір дәстүрлі өнімдер сияқты, шамдар қозғалысқа байланысты жиі өзгеруі мүмкін. Смарт шамдар Wi-Fi арқылы байланысып, статистиканы немесе көрсеткіштерді телефонға көрсете алады. Аудио мен визуалға келсек, түрлі дыбыстық пәрмен беру арқылы динамиктер мен түрлі каналдарды ауыстыра аласыз. Мұндай мүмкіндіктер өмірді жеңілдеткенімен, қозғалысты азайтады. Бірақ қонақты таңдандыру үшін адамзат, әсіресе қазекең қандай қиындыққа да төтеп беруге дайын. 

  Ақылды үйдің ең қажетті аспектілерінің бірі – күшейтілген қауіпсіздік мүмкіндіктері. Қазір көптеген өнімде қозғалысты бақылайтын, бейне түсіретін, тіпті қажет болса камераларды қозғалысқа қарай бұруға да мүмкіндік бар. Бейнебақылау жүйесімен қоңырау арқылы сөйлессеңіз де болады. Роботпен сөйлесу? Иә, қазіргі заманда ештеңеге таң қала алмайсыз.

  Мұндай үйлердің артықшылығын жоғарыда айтылған қондырғылар мен оның мүмкіндіктерінен өздеріңіз-ақ бағамдап жатқан боларсыздар. Адам өмірі жеңілдейді. Үйдегі мәселелердің азаюына да сеп болады. Ал кемшін тұсына келсек, қалтаға салмағы көп. Тек осы ғана. Алдағы бірнеше жылда ақылды сөзін мүлде басқа да салалар мен заттарға тіркеп қойса таңданбаңыз. Оның да пайдасы шаш етектен болуы әбден мүмкін.