Қазақстандық ғалымдар алманың жаңа сұрпын өсіріп жатыр
Алатаудың баурайы дегенді естігенде тылсым табиғаттан бұрын көз алдымызға аңқыған алманың иісі елестейді. Бұл мекен апорттың отаны атанып кеткен.
Ресейлік ғалым Малюс «Сиверс» тұқымы жемістің арғы атасы екенін анықтағанда, қазақ жері мәуелі жеміске толы болғанын елестетпеген де шығар. Қазір жабайы алманың болашағы көпті алаңдатады. Ұлттық аграрлық зерттеу орталығы таулы аймақтардағы эндемикалық алма ағаштарының жаңа сұрыптарын өсіруді қолға алғалы біраз болды. Жетістіктері де жоқ емес. «ALMA» жобасы аясында ғалымдар ескі алма сұрыптарын қалпына келтіріп, жаңаларын өсіре бастады. Тіпті бұл жұмысқа Германияның арнайы Федералдық қоры да атсалыспақ. Зерттеушілер жаңа өнімнің дәмі мен қасиеттері басқа алмалардан асып түседі деп отыр. Сиверстен бөлек, апорттың да брендін жандандыру ғалымдардың басты мақсатына айналған.
Сиверс тұқымы қазіргі уақытта ICUN жойылып бара жатқан жеміс тізіміне енген. Мұның алдын алу үшін Іле Алатауының тау бөктерін сақтау бойынша Италияның Slow Food қоры біраз шаралар қабылдады. Ұйым талабына сәйкес орманға кіру үшін арнайы рұқсат қағаздарды рәсімдеу қажет. Жобаны Cultures of Resistance Network қаржыландырады.
Бірнеше жылда ХХ ғасырдың ортасында жаппай өсірілген жеміс-жидектің танымал сұрыптары сауда сөрелеріне қайта оралады. Ғалымдардың айтуынша, оларды көбейту үшін ҚазҰАЗУ-да орналасқан микроклоналды көбею зертханасын пайдалануға болады. Жобаның өзекті элементінің бірі, автохтонды сұрыптарды сақтау. Тіпті олардың кейбірі бүгінгі күнге дейін сертификатталмаған екен.
Түсінікті болуы үшін елде 10-нан астам алма түрі болса, соның тек «Грушевка Верненская» автохтонды түрі тіркелген. Жоба үйлестірушілерінің бірі доктор Маттиас Крамер Алматыға бірнеше рет келіп, жаңа сұрыптарды зерттеумен айналысты. Ол қазірдің өзінде өз отанында клон сұрыптарының кесінділері мен тұқымдарынан алма бағын өсірді. Оның айтуынша, биоалуантүрлілік саласындағы үш елдің бірлескен жұмысы жақсы нәтиже бермек. Ғалымның өзі бұл алма түрін тек Қазақстан мен Қырғыз жерінде ғана керемет сақтау мүмкіндігі барын айтады. Бұл - ұлттық қазына.Оның ойынша, болашақта осы алма түрін дамыту арқылы көп жұмыс орындарын ашуға болады.
Отандық ғалымдар, қазірдің өзінде «Жетісу» деп аталатын сұрып тобын өсіруде үлкен жетістікке жетіп отыр. Бұдан бөлек итальяндық алма түрлерін де сынақтан өткізіп жатыр.