Бразилия мәдениетінің ерекшеліктері
Бразилия дегенде бірінші ойыңызға не келеді? Әрине, салтанатты карнавалда түрлі түсті костюм киіп, ырғақты музыкаға билеп жатқан көңілді халық.
Бразилия – алуан түрлі мәдениеті бар ел. Оның ішінде бразилиялықтар биінің алатын орны ерекше. Бразилияда әр өңірдің өзінің биі бар. Сондықтан самба Рио-де-Жанейрода, капоэйра Бахия штатында, фрево Пернамбуко штатында, ал фанк Рио-де-Жанейро және Сан-Паулу штатында кең таралған болса керек.
Сіз би элементтері бар акробаттық жекпе-жекті елестете аласыз ба? Иә, бұл таңқалдырарлық өнер капоэйра деп аталады. Ол Бразилияда құлдар арасында пайда болып, кейін Бразилия мәдениетінің басты мұраларының біріне айналды.
Самба – карнавалдағы маңызды әрі ерекше атмосфераға толы колоритті би. Бразилиялықтар самбаны карнавал кезінде ғана емес, жыл бойы билейді. Самба биі XIX ғасырда африкалық ритм мен испандық музыканың араласуы нәтижесінде пайда болды. Бұл биді басында тек құлдар билеген деседі. Сол себепті XX ғасырдың басында Бразилияда капоэйра сияқты самбаға да тыйым салынды. Тек 1940 жылдары самба биі ұлттық символ ретінде қабылданды.
Фрево - Пернамбуко штатындағы дәстүрлі би. «Фрево» сөзінің өзі португал тіліндегі «ferver» етістігінен шыққан, ол «қайнау» дегенді білдіреді. Бұл биде қолшатырлар қолданылады. Қарқыны жеңіл. Бұл бидің қимылдары Пернамбуко революцияларының тарихын және тәуелсіздік үшін күресті бейнелейді. Фрево капоэйра элементтері мен басқа билердің қосындысы.
Бразилия дәстүрлері үнді мәдениеті мен христиандық әдет-ғұрыптардың қосындысы.
Бразилияда жаңа жылды ақ түспен қарсы алады. Өйткені олар бұл түс сәттілік әкеледі деп есептейді. Егер сіз Бразилияда құдайға сыйыну үшін ғибадатханаға барғыңыз келсе, киіміңізде арнайы реңктер болуы қажет. Мысалы, денсаулығыңыз мықты болсын десеңіз, киіміңізде қызғылт элемент болуы керек. Бай болғысы келетіндер, алтын немесе сары, ал мөлдір махаббат тілейтіндер қызыл түсті киім киеді.