Қыз Жібек фильмінің түсірілімі туралы қызықты ақпарат
Екі жастың махаббаты мен екі рудың ара-қатынасы арқылы халық тағдыры бейнеленген Сұлтан Қожықовтың «Қыз Жібек» көркем фильмі бүгінде қазақ киносының алтын қорына айналды.
Көркем фильмнің тұсауы 1970 жылы Алматы қаласындағы «Целинный» кинотеатрында кесілді. Бүкілодақтық тұсаукесер 1971 жылы Мәскеу қаласында өтті. Фильм сценарийін жазған Ғабит Мүсірепов Жібек пен Төлегеннің махаббатын ғана жазып қоймай, ел-жұртты бірлікке шақырып, қазақ халқының әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрді көрсетуге ұмтылған. Фильм музыкасын Нұрғиса Тілендиев ұлттық нақышқа келтірсе, әнін Қадыр Мырза Әлі жазған.
«Қыз Жібек» фильмінің сюжеті
Жағабайлы елінен шыққан Төлеген (Құман Тастанбеков) жар іздеп, көп қыздың арасынан Сырлыбайдың (Кененбай Қожабеков) қызы Жібекті (Меруерт Өтекешова) ұнатады. Алайда өзара руға бөлініп, екі жақтың тартысының салдарынан Төлеген әкесі Базарбайдың (Кәукен Кенжетаев) батасынан аттап кетіп, сүйіктісі Жібектің еліне кетеді. Жібектің елінен шыққан сарбаз Бекежан (Асанәлі Әшімов) қос ғашықтың махаббатын көре алмай, 3 ай Сырлыбай елінде болып, сапарға шыққан Төлегенді өлтіреді. Сүйгенінің қазасын білген Жібек Жайық өзеніне батып өледі.
«Қыз Жібек» фильмінің сценарийін даярлау, дайындық жұмыстарын жүргізу, фильмді түсіру, монтаждау кезіндегі толғаныс пен қиындыққа толы сәттерден қызық мәліметтерді ұсынамыз:
- «Қыз Жібектің» алғашқы нұсқасы «Аққу» деп аталған. Кино түсірілгенге дейін фильм сценарийі 1944 жылы, яғни 10 жыл бұрын жазылған. 1967 жылы жаңа сценарийлерді бекіту кезінде дайын сценарий ретінде еске түседі;
- Фильмді түсіру үшін қазір кездеспейтін 8-10 қанатты шаңқан ақ киіз үйлер арнайы жасалды. Түрлі түсті ши, таза ақ жүн, керегені талдан ию үшін солқылдаған жас бозталдар қолданылды;
- Басты кейіпкер Жібек рөліне лайықты бойжеткенді табу мақсатында 1968 жылы қаңтардың 1-і «Лениншіл жас» (қазіргі таңда «Жас Алаш») газетіне хабарландыру жарияланды;
- Жібек рөліне 400-ге жуық үміткерден ұсыныс хат келіп түсті. Олардың ішінен 15 қыз ғана іріктеуден өтіп, тек Жібектің серіктері ретінде бекітілді;
- Режиссерлер Жібек рөліне лайықты қызды таппай, ұзақ ізейді. Алматының №66 мектебінде 10-сынып оқып жүрген Меруерт Өтекешованы режиссер Ғазел Мағауина студияға ертіп әкелген;
- Төлегеннің ақсауыты мен Жібектің бүрмелі көйлегі бұл күнде «Қазақфильм» мұрағатында сақтаулы;
- Бішкек қаласының хайуанаттар бағынан киноға түсіру үшін арнайы аққулар әкелінген;
- Фильмнің бас суретшісі Гүлфайруз Ысмайылова киноны көркем безендіру үшін мың жарымнан астам эскиз жасаған екен. Ол бастаған таңдаулы шеберлер қыздардың камзолдары мен көйлектеріне, жүздеген, мыңдаған моншақтарды бір-бірлеп өз қолдарымен қадаған;
- Режиссерлік сценарий бойынша Жібектің 10 түрлі костюмі болу керек деп бекітілді («Анна Каренина» фильмінде Каренинаның 25 түрлі костюмы болған);
- Жасанды, боялған материал экранда білініп қалады деп костюмдерге қажетті барқыт, мақпал, жібек, шәйі, батсайы, пүліш, көйлек-камзолды әшекелейтін құндыз, сусар, елтірі, киімді оқалайтын жақат, інжу-маржан қолданылды;
- Арнайы қаулы негізінде Ауыл шаруашылық министрлігіне фильмге керек таңдаулы 40 ат тауып беру жүктелді;
- Жеке адамдардың қолынан ер-тұрман, сауыт-сайман, киіз үй жиһаздары және басқа да сатуда жоқ кілем, текемет, сырмақ секілді заттарды сатып алу үшін 10 мың сомға дейін ақша жұмсауға рұқсат етілді;
- Алматыдағы «Сувенир» фабрикасы қақтаған күмістен, ақ жалтыр темірден батырлар мен қыздардың киімдеріне қажетті жүздеген әшекей жасап шығарды;
- «Қыз Жібек» группасындағы жүзге жуық студия қызметкерлері екі жыл бойы даярлық, әзірлік жұмыстарын орындап шықты;
- «Сырлыбайдың ауылы» деп аталатын обьектілерді түсіру кезінде «Қырық көш» үшін ауылдардан 60 түйе әкелінді;
- Тастың басына ескі таңбаларды қашап салу үшін екі үлкен көтергіш кран жөнелтілді;
- Қаршыға мен Шегенің күй жарысында билей жөнелетін аққулардың көрінісін кеш батып бара жатқанда түсіріп үлгерген. Фильмдегі аққулар биін түсіру үшін оператор мен режиссер бір күн бойы тапжылмастан күткен;
- Көлемі 3600 метр фильм үшін 50 мың метр пленка түсірілді. Кейбір кадрлар 10-12 рет қайтара түсірілген.
Қыз Жібек фильмінің марапаттары
Фильм 1972 жылы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығына ие болды. Фильм режиссері Сұлтан Қожықов, сценарий авторы Ғабит Мүсірепов, басты рөлдерді сомдаған актерлер Меруерт Өтекешова, Құман Тастанбеков, Асанәлі Әшімов Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығын иеленді.
2010 жылдың желтоқсанның 27-і «Құлагер» ұлттық кинематографиялық байқауында Асанәлі Әшімов, Меруерт Өтекешова, Құман Тастанбеков құрмет грамотасы мен «Экран шебері-2010» төс белгілері табыс етілді.
Қоюшы режиссер әрі киносыншы Кенжебай Дүйсембаев Қыз Жібек фильмін ең алғаш рет көргенде кешкен әсерімен бөлісті:
«Сол ауылда өскеннен кейін бе, қазақтың тарихына жақын болғаннан ба, бізге «Қыз Жібек» фильмі қатты әсер етті. Өйткені біз оған дейін үнді фильмдерін көріп жүрдік. Содан кейін «Қыз Жібек» фильмі шықты. Костюмдердің алуын түрлілігі қатты әсер етті. «Қыз Жібек» фильмінің маған ерекше әсер етуінің себебі – қазақ эпосына жақын болуым. Әкеме, апама, туысқан әпкелеріміз, көршілеріміз, бәріміз жиналып, киіз үй тігіп, шам қоятынбыз. Сол шамның жарығымен оларға мен эпостарды оқитынмын. Қобыланды, Ер Тарғын, Қыз Жібек, қырғыздың Манас эпосы т.б. Оларды оқығанда көз алдымда кино сияқты елестеп отыратын. «Қыз Жібек» фильмін көрсеткенде жалпы бүкіл қазақ ерекше әсер алды деп ойлаймын. Өйткені Бекежанды, Қыз Жібекті, Шегені тірідей көру - керемет. Әсіресе оның ән айтуы. Фильмнің өзі қазақ халқының ішіндегі мұңы мен шерін алдына әкеп жайып салғандай болды. Көш кетіп бара жатқаны, Жібектің гүл теруі, күймеде кетіп бара жатуы, оған Төлеген келіп ән айтуы, осының бәрі де сенің қиялыңдағы ертегі әлеміңді іс жүзінле көрсеткендей болды», - дейді.
Фильм қалың халықтың ыстық ықыласы мен үлкен марапатына ие болды. «Қыз Жібек» фильмі ұлт пен қазақ мәдениетінің жауһарына айналған ерекше туынды болып қала бермек.