«Менің атым Қожа» фильмі неге жүрекке жақын?

  Бала кезден бәрімізге жақсы таныс «Менің атым Қожа» фильмі режиссер Абдулла Қарсақбаевтың түсірген алғашқы көркем туындысы. 

  Фильм желісіне әлемнің бірнеше тіліне аударылған Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» повесі арқау болған. Жазушы фильм сценарийін Ниссон Залеранскиймен бірге жазған. Фильмнің көркемдік жетекшісі – 1920 жылдардың соңында шыққан «Түрксіб» фильмі авторларының бірі, кинодраматург және кинорежиссер Ефим Арон. Қожаның рөлін актер Нұрлан Санжар сомдаған. Сонымен қатар қазақ киноөнерінің шеберлері Кененбай Қожабеков, Бикен Римова, Раиса Мұхамедиярова сынды әртістер де түскен.

1

Қожаны сомдаған актер басты рөлге қалай таңдалды?

2  Фильмнің қосалқы режиссері Тұрар Дүйсебаев Қожаның рөлін сомдайтын актерді таңдаудағы естелігімен бөлісті:

  «Бірде қызметтесім, фильмнің бас операторы Михаил Аранышев екеуміз киностудияға қарсы беттегі дәмханаға бара жаттық. Алдымыздан екі оқушы қызбен қуаласып жүрген бір ұл бала көзіме оттай басылды. Ішімнен «жер-көктен іздеген Қожамыз осы» деп түйдім. Екеулеп жүріп шап беріп ұстап алдық. «Жібер, жібер мені» деп қояр емес. «Мен режиссермін, киноға түсетін бала іздеп жүр едім. Сенің түр-келбетің рөлге дәл келеді  екен. Есімің кім? » деп жөнімізді айттық. «Не надо, я не хочу сниматься в кино» деп азар да безер болды. Аты-жөні Нұрлан Санжар екен. Әкесі «ой, балам көнбейді, өте бұзық.Одан көршілер де, мұғалімдер де әбден зәрезап болып біткен, бекер ұятқа қалдырып жүрер мені, қойыңдар», -деп болар емес. Мекен-жайын сұрап алып, кешкісін үйіне бардық. Ата-анасы «Өзіңіз біліңіз, ұятқа қалдырса, бізді кінәламаңыз» дегендей ыңғай білдірді. Ақыры отбасымен көндіріп, кинопробаға шақырдық. Алғашқы фототүсірілімдер тамаша шықты. Абдулла Қарсақбаевқа, көркемдік кеңеске көрсетіп, Қожа рөлін Нұрлан Санжар ойнайтын болып жоғары жақпен бекітілді»

  Актердің сөзінше, оған киноға түсу мектепке бармауға жақсы сылтау болған.

  «Анама бірінші сыныптан бастап «оқығым келмейді» дейтінмін. Ол мені Ленин даңғылынан 33-мектепке дейін таяқпен қуып апаратын. Киноға түскенім үшін сыныптан сыныпқа қалып қойғаным бар», – деді актер.

3

Фильмге қатысты қызықты деректер:

  • «Менің атым Қожа» – 1957 жылы жазылып, 1963 кино-картина болып экраннан көрерменге жол тартты.
  • 1967 жылы «Менің атым Қожа» француздың әйгілі Канн фестивалінде «Балаларға арналған ең үздік шетел фильмі» номинациясын жеңіп алады. Бұл қазақ кино саласындағы тұңғыш жүлде.
  • Абдолла Қарсақбаев алғаш рет кинотуындыға музыка жазуға опера және театр балетінің дирижері, №12 мектеп-интернатта бірге оқыған досы Нұрғиса Тілендиевті шақырды. Ол халық арасына кеңінен тараған «Саржайлау» өлеңін жазды.
  • Фильм Үшқоңыр, Талғар, Түрген және Үлкен Алматы көлінің маңында түсірілген.
  • Алғашында режиссерлер Қожаның рөліне лайық адамды Өзбекстан мен Қырғызстанға барып кастинг арқылы іздеген.
  • Фильмге 500-ден астам адам түсуге келген. Басты рөлге алғашында Әлібек Ишенов есімді актер таңдалған. Кейін фильм режиссері Абдулла Қарсақбаевтың қалауымен Нұрлан Санжар бекітілді.
  • Туынды әлемнің 20-ға жуық тіліне аударылды.
  • Қожа бақаны жұтатын эпизод рас. Бұл туралы фильмдегі Сұлтанды сомдаған Марат Какенов «Таңшолпан» бағдарламасында айтып берді.

  Қожа рөлінен кейін Нұрланды басқа фильмдерге шақырған, бірақ ол бас тартқан: «Киноға түсемін деп мектепте екінші жылға қалып қойдым. Ішінде болашақ опера әншісі Әлібек Дінішев, Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының болашақ директоры Болат Сұлтанов бар сыныптастарымнан бір сынып қалып қойғаныма өкінетінмін», – деді ол.

9

  • Қазақ және орыс тіліндегі нұсқасы бар фильмде Нұрланның өз дауысы жоқ. Оның айтуынша, сегізінші сыныпқа дейін «р» дыбысына тілі келмегендіктен, орысша нұсқасында оның рөлін мәскеулік актриса Марина Виноградова, ал қазақ тілінде қазақ актрисасы Фарида Шәріпова дыбыстаған.
  • Сұлтанның рөлін ойнаған Марат Какеновтің актер болу арманы орындалмады. Армиядан келген соң ол мемлекеттік қауіпсіздік органдарына жұмысқа тұрған.
  • Басты рөлді сомдаған актерлер сол уақытта 90 рубль гонорар алған.
  • Қожа рөлінде ойнаған Нұрлан Санжар атақты футболшы Тимур Сегізбаевтың туған інісі.
  • Бес жасар Дәулетті ойнаған Юсуф Шамузовтың айтуынша, ол киноға кездейсоқ түскен:

    «Біздің аулаға бір көлік келді. Сөйтсек, Абдулла Қарсақбаев фильм директорының үйіне келіпті. Ол кезде машина деген таңсық нәрсе болатын. Үсті ашық «Бобик» екен. Біз кіріп алдық. Қарсақбаев шықты да, бізді көріп «Ертең мына баланы түсірілім алаңына алып келіңдер» деп айтқан», – деді.

  • Юсуф Шамузов – 1983 жылдан бері Қазақстанның бокс құрамасының дәрігері болған. Медицина институтын бітірген.

5

  • Нұр-Сұлтан қаласындағы Жетісу саябағында «Менің атым Қожаға» ескерткіш орнатылды. Мүсін айна алдында өзін-өзі «педсоветке» салып жатқан отырысын бейнелейді. Ескерткіш қоладан, ал тұғыры граниттен жасалған. Биіктігі – 183 см. Композиция авторы – мүсінші Азамат Талапхан, идея авторы – Мұрат Қожамқұлов.

6  Фильм режисеері Абдолла Қарсақбаев кеңес кинематографы тарихында елеулі орын алатын режиссер. Ол балалар тақырыбына жаңашылдық әкеліп, батылдығымен, кәсіби ерекшелігімен кинотілді қолдануға тырысты. Оның шығармашылық жолы Кеңес Одағында тоталитарлық саяси жүйе орныққан кезіне дәл келді. Балаларға арналған фильм боп көрінетін бұл туынды шын мәнінде үлкенді де ойландырады. Қарсақбаев шығармашылығында, әсіресе балалар киносында сол заманғы жүйені сынады. Тоталитарлық жүйенің қате тұстарын балалардың әзіл-қалжыны, алдау арқылы, қитұрқы істері арқылы көрсетті. Мұның бәрі «Менің атым Қожа» фильмінде анық көрінді. «Менің атым Қожа» фильмін сол кездің идеологиясына қарсы шыққан туынды деп айтса болады. Себебін фильм сюжетінен анық байқаймыз. Мысалы, Кеңес Одағы кезінде балаларды еңбекке баулу керек деген идеология болды. Ал қазір бұл Халықаралық балалар құқығын таптау болып есептеледі. Фильмде Қожаның қой қырқуға да, шөп теруге де бармауының себебі еңбекке мәжбүрлеуге қарсылығы еді. Қожада идеологияға көніп, оның жетегінде жүрудің орнына Сұлтанға еріп еркіндікті таңдаған сияқты. Себебі Сұлтанның образы көшпенді, еркін халыққа ұқсас еді.                

4

Қоюшы режиссер әрі киносыншы Кенжебай Дүйсембаев «Менің атым Қожа» фильмі туралы:

  «Менің атым Қожа фильмінің режиссері Абдулла Қарсақпаевты көзім көрген. Сыртынан қарап қызықтайтын, сондай бір ерекше кісі болатын. Өзінің әдемі мұрты бар, өзі темпераментный керемет кісі еді. Біз студент болып жүргенде ол кісі «Погоня в степи»,  «Бандыны қуған Хамит»,  «Алпамыс мектепке барады» фильмдерін түсірді. Біз «Погоня в степи»,  «Бандыны қуған Хамит»,  фильмдеріне дайындық жүріп жатқанда «Қазақфильмнің» ішінде актерларды қарап қызықтап жүретінбіз.

  «Менің атым Қожа» фильмінің ерекше қасиеті бар. Қазір де оны теледидардан көрсетіп жатса, тоқтап қалып көре бастайсың. Сол кішкене көрген үзіндісін 1000 рет көргенсің, бірақ ары қарай көре бересің, көре бересің. Фильм біткенше көріп отырасың. Себебі бұл фильм сенің жан дүниеңе, қазақи мінезіңе өте жақын.

  «Менің атым Қожа» фильмінің ішіндегі оқиғалары оқушы кезіміздегі оқиғалармен сәйкес келеді. Мысалы, шөп шауып, қырықтыққа барып қой қырқатын кездер біздің де өмірімізде болған. Балыққа бару, ауылда жүріп біреудің сүзенгісін, ауын, қармағын ұрлап кету, т.б. сияқты Қожаның іс-әрекеттері бізге етене жақын болды.

  Қожаның Жанарға деген алғашқы махаббаты, оған бара жатқанда артынан ит қауып алып, шалбарының жыртылып қалғаны, соның бәрі де біздің кішкентай кезімізде бастан өткен оқиғаларымыз. Сонысымен бұл фильм бізге жақын әрі қызықты».

8

  «Абдолла Қарсақбаев кино өнерінде ең қарапайым және ең қиын әдіс - баланың қарама-қайшылыққа толы ішкі сезімін көрсету екендігін түсінді. Абдолла Қарсақбаевтың фильмі көрерменнің сүйікті фильмдеріне айналса да ұзақ жылдар бойы талдау жасалмады. Фильмде цензураға қарсы балалардың темекі шегуі, әйел адамның екінші рет тұрмыс құруы секілді сахналар бар. Фильм Кеңес идеологиясын жақтамайды, керісінше басты кейіпкер Қожа арқылы оны мазақ етеді. Қарсақбаев фильмі халықпен бірге өмір сүріп, қазақ киносының өшпес жұлдызы болып қала бермек.