«Тақиялы періште» фильмі туралы қызықты деректер

  Режиссер Шәкен Айманов фильмдеріне тән ортақ ерекшелік – туған жерге сүйіспеншілік, қарапайымдылық, шынайы махаббатқа толы. Сондай шығармалардың бірі – «Тақиялы періште» фильмі. Режиссер сюжетте күнделікті әр адамда кездесетін қарапайым жайттарды экранға шығарды: өзіне лайық жар іздеу, танысу, үйлену, отбасын құру, т.б. Бұл фильм 1968 жылы жарыққа шығып, тамаша көңіл-күй сыйлап қана қоймай, қызықты сюжетімен есте қалды.

1

 «Тақиялы періште» фильмінің сюжеті

2  Фильмдегі басты кейіпкердің бірі еңсегей бойлы, алпамса денелі, кең пейілді Тайлақ тақиясын басынан тастамағандықтан, Тана (анасы) еркелетіп – «Тақиялы періштем» деп атап кеткен. Ұлын үйлендіру үшін анасы Алматыға келеді. Келін іздеу барысында оған көңілін білдіре бастаған Нияздың отбасымен араласады. Осы кезде Тайлақ Айша есімді қызбен танысады. Періштенің анасы ұлының таңдауын бірден қабылдамайды. Себебі Айшаның әкесі кезінде Танамен сөз байласып, кейін сөзінен тайған Тайыр. Тайлаққа сыра сатушы Алтыншаш та тұрмысқа шыққысы келеді. Сатушыдан қашқақтаған Тайлақ Айшаға үйлену туралы ұсыныс жасайды. Нияз болса, Танаға сөз салады. Осындай көңілді оқиға қос тоймен аяқталады.

 

«Тақиялы періште» фильмі туралы қызықты деректер:

  • Келін іздеу мақсатында Тана Медеуге көтеріледі. Сол жердегі конькиші қыз рөлін белгілі спортшы Людмила Воронина сомдаған;
  • «Тақиялы періште» киносы жарыққа шыққан соң, ауылдан қалаға келетін қазақ жастарының саны едәуір өскен; 
  • Кино 7 ай ішінде түсіріліп бітті. Түсірілім негізінен павильондарда жүрген;
  • Билеген студентті сомдаған қазіргі ҚР Халық әртісі Марат Ахмадиев. Би сол жердегі түсірілім алаңында ойластырылған;
  • Аты аңызға айналған «Тақиялы періште» фильміне биыл 55 жыл;
  • Шәкен Айманов «Тақиялы періштесін» тез тапты. 1965 жылы Алматыда күрестен Қажымұқан атындағы турнир өтеді. Сол жарысқа арнайы келген бір балуанды байқап қалып, кезекті бір туындысына басты рөліне шақырған. Ол балуан – Әлімғазы Райымбеков;

3

  • Әмина Өмірзақова шынайы өмірде де келіндерін өзі таңдады. Ол Айменді сомдаған Райхан Шанинаны ұлымен таныстырғысы келген;
  • Фильмде Тайлақтың сүйіктісін сомдаған Шолпан Алтайбаеваның (Айша) актерлік білімі болмаған. Ол бүгінге дейін француз тілінің маманы, аудармашы болып жұмыс істейді;
  • Бұл туынды тек Алматы қаласында емес, кей кадрлары шетелде де түсірілген. Аталған шаһарда қар еріп, қыс мезгілі аяқталғанда түсірілімді Ресейдің Свердловский ауылында жалғастырған;
  • Әлімғазы Райымбеков фильмге 28 жасында түскен. Сондай-ақ киноға таңдалғанда оның 4 баласы болған;
  • Фильм әнге бай. Халық әні, классика, джаз барлық жанр қамтылған. Тақиялы періштені қазақша мюзикл деп атайды. Әндердің көбі киноға арналып, арнайы жазылған;
  • Бибігүл Төлегенова түскен эпизодта «Ана» әнін өзі орындамаған. Фильм композиторы Александр Зацепин «Ана» әнін орыстың белгілі әншісі Майя Кристалинскаяға арнаған. Фильмді қазақшалағанда сол дауысты негізге ала отырып және үні мен мәнері ұқсас болғандықтан, режиссердің өтінішімен Бақыт Әшімованың дауысы қойылды;
  • Кейіпкерлер түтінін будақтатқан темекілер сол кезде көптің қолы жете бермейтін импорт тауар болды. Темекі Мәскеуден әкелінген. Бір қызығы Әлімғазы Райымбеков киноға дейін күреспен шұғылданатындықтан темекі тартпаған. Актерге режиссер өзі көмектесіп, темекі тартуды үйреткен;
  • Фильмге түскен адамдардың табысы жаман болмады деседі. Сол уақытта орташа айлық – 100 сом. Ал киноға түскендердің гонорары мыңмен есептеліпті;
  • «Әмина апам 40 мың, мен 25 мың алдым. Берген ақшасына көлік аламын деп ойлағанмын. Шешем қарсылық білідірді: «Балаларың көліктің ішінде жүре ме?! Одан да үй сал», - деді Әлімғазы Райымбеков. Кейін Еңбекші қазақ ауылында үй салды. Қазір ол үйді кенже ұлы тұрады;
  • Тайлақтың фильмде киген тақиясы қазір музейде сақтаулы тұр;

 4

  Фильм барысында 60-шы жылдардағы Алматының жастарын, сонымен қатар Александр Зацепиннің «Ты куда, Одиссей?!» әні мен Ермек Серкебаевтың орындауындағы бірқатар әндерді тыңдауға болады. Фильмге Әмина Өмірзақова, Бикен Римова, Бибігүл Төлегенова, Ермек Серкебаев, Али Исмаилов, Шолпан Алтайбаева, Раиса Лунева, Юрий Саранцев, Мұрат Ахмадиев т.с.с әртістер түскен. Ал басты кейіпкер Тайлақтың рөлін сомдаған Әлімғазы Райымбеков кәсіби әртіс емес. Ол облыстық колхоздардың бірінде механизатор болып қызмет атқарған.

5

  Қазақ өнеріне, оның ішінде кино әлеміне айшықты із қалдырған Әлімғазы Райымбеков «Тақиялы періште» фильмі туралы берге сұхбатында:

  «Бұл сценарийді Шәкен Айманов пен мәскеулік Житкин Яков екеуі жазған. Бұл фильмге түсемін деген үш ұйықтасам ойымда болған жоқ. Алдыңғы киноларға түскен тиын-тебенімді алайын деп киностудияға барсам, дәлізде  Шәкен аға  тұр.  Мені көре салып:

  • Бері кел, - деп шақырып алды.
  • Ассалаумағалейкум, аға!, - деп сәлемдескенім сол еді, жетектеп кабинетіне алып кірді.
  • Отыр, - деді.
  • Бала, сенің рөліңді жазып, нүктесін қойып, әкелдім. «Тақиялы періште» музыкалық комедия. Басты рөлді өзің ойнайсың, - деді.
  • Аға, мен әртіс емеспін, сіздің сеніміңізді ақтай алмасам, сізді ұятқа қалдырамын ғой!, - деп едім.
  • Оттама, шық кабинеттен, бірақ, ертең сағат 10:00-де бол. Рөліңді аласың, -деді.
  • Жарайды, - деп дәліздегі орындыққа жамбасымды басып ойланып отырдым.

  Ары өткен, бері өткендер «бірі шабан, тағы бірі бірдеңе» деп мені келемеждеп тұмсықтарын шүйіре қарады. Содан ызаға булығып, Шәкен ағаға қайта барып:

  • Мен киноға түспеймін, қайтамын» - дедім.
  • Елдің аузына екі елі қақпақ бола алмайсың. Сөздерін естігің келмесе, құлағыңа мақта тығып жүр. Көп сөйлеме, киноға түсесің, дайындал!, - деп Шәкен аға райымнан қайтарды. Бұл фильмді жеті айдың ішінде түсірді.»

  «Тақиялы періште» фильмнінің сюжеті әлі өзектілігін жоғалтпады. Қазіргі жастардың басым бөлігі ерте тұрмыс құрып, балалы-шағалы болуды емес, ақша тауып, мансап құруды көздейді. Содан соң есейіп, қаржылық сауаттылығы нығая келе, жар іздеп, отбасын құру туралы ойлана бастайды. Мүмкін бұл да бір қарбалас заман талабы шығар, кім білсін?! «Тақиялы періште» фильмінің шыққанына жарты ғасырдан астам уақыт өтсе де комедиялық туынды әлі халқымыздың сүйікті фильмдерінің бірі.