Хаяо Мядзакидің анимесі неге феноменалды?

1

Бүгінгі таңда аты әлемге танымал жапондық режиссер Хаяо Миядзаки 1941 жылы  қаңтардың 5-інде дүниеге келді. Оның әкесі ұшақ бөлшектерін шығаратын авиация зауытының директоры, ал ағасы зауыттың иесі болған. Хаяо мектеп кезінде суретші Осама Тедзуканың бастауымен жапондық «манга» комикстерімен әуестенеді. Университте оқып жүрген кезінде марксизмге деген қызығушылығы артып, әлемдік балалар әдебиеті клубының мүшесі болады.

Саясаткер, қаржыгер мамандығынының дипломын алған соң, «Тоей» киностудиясының анимация бөліміне жұмысқа тұрады. Сол жерде өмірлік жары суретші-аниматор Акэми Отамен және  мол үміт күттірер режиссер Исао Такахатамен кездеседі. 1971 жылы олар «Тоей»-мен біржола қош айтысып, еркіндікті молынан беретін шағын студияларда жұмыс істей бастайды.

1979 жылы Миядзаки өзінің алғашқы кинофильмі «Lupin III: Cagliostro no Shiro»-ны түсірді, ал, бұған дейін ол аниматор, қоюшы-суретші, сценарист болып жұмыс істейді.

1982 жылдың ақпан айында «Анимэйдж» журналында «Kaze no tani no Naushika» суретті роман жаза бастайды, ал 1984 жылы аттас фильмі де жарыққа шығады.

Миядзаки мен Такахатаның бірлескен күш-жігерінің арқасында 1985 жылы Ghibli («Джибли» немесе «Гибли») деген аты аңызға айналған студия пайда болады, оның атауы жапондардың құлағына жат келетін, екінші дүниежүзілік соғыста пайдаланған италиялық барлау ұшақтарынан шыққан.

Хаяо Миядзакиді данышпан, ұлттық қазына деп атап, Куросавамен қатар қояды. Оның фильмдері феномен, кассалық жинақ бойынша алға шыққан. Ол аниме сюжетін өмірлік тәжірибесімен ұштастыра отырып баяндайды. Оның анимациялық фильмдерінде эмоцияның алуан түрлілігі классикалық кинодан кем түспейді.

2

Миядзаки әр кейіпкерді, әр бөлшекті қолымен суреттеп жасайды. Алайда заман талабына сай 3Д-анимацияны компьютерлік технологиялар арқылы жасау өте ыңғайлы.

Хаяо Миядзаки бұл жайтқа философилық тұрғыдан баға береді:

«Егер бұл өнер жойылып бара жатқан өнерге айналған болса, онда қолдан келер қайран жоқ. Өркениет алға қарай жылжи бермек. Фреска жасаушылар қайда? Пейзажшылар қайда? Олар немен айналысуда? Әлем өзгеруде. Қайта 40 жыл бойына бір іспен айналысқандығым үшін менің жолым болды деуге болады. Менің дәуірімде бұл сирек жағдай»

Миядзакидың күрделі мәселелерді көтеретін  толық метражды анимациялық фильмдері әлемге танылған. Сонымен қатар, режиссердің қоржынында қысқа метражды фильмдер де бар, мұның кейбірі арнайы Ghibli мұражайы үшін жасалған, одан бөлек телехикаялар да бар.

Режиссердің толық метражды туындыларының барлығы дерлік Ghibli-де түсірілген. Кейіннен «Sen to Chihiro no kamikakushi» деп аталатын фильм Жапонияда және басқа елдерде де танымал болды:

Берлиндік кинофестивальдің сыйлығын (2002), (2003) «Үздік анимациялық фильм» аталымында «Оскар» алды. Сондай-ақ, «Hauru no ugoku shiro» атты фильмі 61-інші Венециялық кинофестивальде техникалық шеберлігі үшін марапатқа ие болды. Венециядағы 62-ші кинофестивальде Миядзакидың өзі де әлемдік киноөнерге қосқан үлесі үшін «Алтын Арыстан»-мен марапатталды.

3

Миядзаки анимеде шынайылықтың шегінен шығып, аңыз бен армандарға жан бітіріп, өмірдің мәні туралы өзінің түсінігі бойынша жаңа сапаға көтерілді.

Режиссердің ойынша:

«Фантастика бізге қажет. Балалар өздерін дәрменсіз және көмекке мұқтаж сезінгенде, көркемдік қиял олардың өмірін жеңілдетеді… Менде көркем әдебиеттің құдіретіне деген ешқандай күмән жоқ. Бірақ, кейде қиял-ғажайып оқиғаларды жасаушылар сендіру қабілетін жоғалтады. Қалың бұқараның «Мен бұған сене алмаймын»,- деуі артуда. Бірақ, меніңше бар мәселенің төркіні заманауи күрделі әлемге төтеп бере алатын фантастикалық туындының аздығында».

3

 

8

7

Хаяо Миядзаки ұшатын техникалар арасында өсті, сондықтан болар, сыпыртқыдан бастап қозғалтқышы бар дельтапланға дейін және әуеде айналатын аспан кемелері — мұның барлығы дерлік оның фильмдерінде көптеп көрініс тапқан. Біресе шыбынды, біресе құртты, тіпті, нағыз әуе кемесін және этажеркаларды бейнелейтін ғажап құрылымды ұшатын аппараттардың әуедегі керемет қозғалысы таңғалдырады. Сонымен қатар, фантастикалық машиналардан бөлек, трамвайлар, поезд, велосипедтер мен басқа да техника кездеседі.

4

Миядзакидың әр фильмі табиғаттың сұлулығына назар аудартқызып, көрерменнің бұрын байқамаған немесе бағаламаған нәрсесін көрсетеді. Табиғат әрқашан тірі, ол сезеді, қайғырады, мұңаяды, қуанады. Тиісінше, экран біресе, қайғылы көк-сұр реңге, біресе қуаныштан сюрреалды түске боялады. Табиғатқа деген сүйіспеншілік, оған бас ию режиссердің барлық фильмдерінде көрініс табады. Мысалы, «Kaze no tani no Naushika» фильмінде адамдардың кесірінен уланған ағаштар әлемді тазарту үшін өздерін құрбан етеді. Миядзакидің шығармашылығында гуманитарлық және жалпы адамзаттық құндылықтар маңызды рөл атқарады.

Дегенмен де Хаяо Миядзаки фильмдерді бірінші кезекте балалар үшін жасайды, сондықтан да онда мейірімділік үнемі жеңіске жетеді, ал зұлымдық соншалықты қорқынышты емес. Егер жағымсыз кейіпкерге түсіністікпен, мейірімділікпен қараса, зұлым мыстан сүйкімді, зиянсыз әжейге айналады, қарақшы болса, қызға қамқорлық жасай бастайды. Егер, зұлымдыққа зұлымдықпен, соққыға соққымен жауап берілмесе, өмір сүру барлық жағдайда әлдеқайда жеңіл болмақ. Кейбіреулер үшін мұндай философия тым аңқау көзғарас болып көрінсе, Миядзакидің шығармаларында бұл шынайы, әрі қарапайым болғаны соншалықты, көрерменді баурап алады. Сонымен қатар, бұл балаларға қол жетімді айсбергтің ұшы ғана, ал ересектер болса, шебердің символизмінің көптеген экзистенциалдық, пантеистік, экологиялық және басқа түсіндірмелерін іздеп, таба алады.

5

Миядзакидың ойынша тек басты кейіпкерлерге ғана бар назарды аударып, қалғандарын жай ғана бос кеңістікті толтыру үшін қолдану дұрыс емес. Сондықтан оның картиналарында артқы пландағы кейіпкерлер де үнемі де қозғалыста. Соның әсерінен де анимация кадрлары барынша қызықты әрі мазмұнға ие.

6

Оның кейіпкерлері — әдетте кішкентай қыздар. Ерекше ерлік жасау керек болған қорғансыз нәзік жандар. Кейде олар дәрменсіздік пен қорқыныштан жылап та жатады, соған қарамастан, еш берілмейді, өз жақындарын құтқару жолында батыл әрекеттерін жалғастырады. Бір қызығы, олардың сырт келбеттері де бір біріне ұқсас келеді. Миядзакиде қайталанатын образдардың болуы сирек емес. «Тоторо» мен «Мыстанның жеткізу қызметі» («Majo no takkyûbin»)- ндегі әкелер бір біріне егіздей ұқсас. Тағы басқа да ұқсастықтар кездеседі.

Бір сұхбатында «Режиссерлерден сізді кім тәнті етеді?» деген сұраққа, Хаяо Миядзаки Юрий Норштейнді («Тұмандағы кірпі») керемет суретші санайтындығын мойындады.

Миядзаки өзі үшін анимация әлемінде ең беделді тұлға ретінде мультипликациялық киноның совет режиссеры Лев Атамановты («Қар патшайымы») айтты. 2013 жылдың қыркүйегінде Миядзаки мансабын аяқтау туралы шешім қабылдағанын жариялады. «Жел күшеюде» Миядзакидың соңғы режиссерлік жұмысы болмақ. 2014 жылы қарашада кинематограф саласына қосқан үлесі үшін «Оскар» сыйлығына ие болды.