Түсқағаз немесе бояу, қайсысы дұрыс?

  Пәтер жөндеу кезінде көбімізді мазалайтын сұрақ: қабырғаға түсқағаз жабыстыру не  түрлі бояулармен бояған дұрыс па?

  Мұндай жағдайда маманның көмегіне жүгінген абзал. Себебі қазір күн сайын интерьер әлемінде түрлі өзгерістер орын алып, талғам өзгеруде. Бүгінгі мақалада түсқағаз бен бояудың артықшылықтары мен кемшіліктері, бағасы мен сапасы, сұраныс пен маңызы жайлы сөз қозғаймыз.

Қабырғаны бояу

tus 2

Артықшылықтары:

  • Бояу – үйдің жөндеу жұмыстарында таптырмас құралдардың бірі ретінде қарастырылады. Білікті шебердің қолынан шыққан бояу жұмысы пәтеріңізге ұзақ уақыт бойы әдемі болып тұрады.
  • Боялған қабырға ерекше күтімді қажет етпейді. Сәйкесінше, бүлінген, сызылған жерлері болса дымқыл матамен сүртіп алуға болады. Қабырғаға 5-7% жалтырағы бар бояуды таңдаған жөн. Күңгірт бояу ұзақ уақыт қанық түсін сақтай алмайды. Сондай-ақ бүлінген кезде сүртіп бастапқы қалпына келтіре алмайсыз.
  • Бояудың түсқағаздан артықшылығы – қабырғада артық із қалдырмайды. Тегіс әрі бірқалыпты боялады.
  • Егер үйіңіздің қабырғасы боялып, оның түсін басқаға ауыстыруды ойласаңыз жұмысыңыз жеңілдей түседі. Яғни түсқағаз секілді ескісін жыртып, оны әктеп жұмысыңызды қиындатпайсыз. Бар болғаны үстінен қажет түсіңізбен бояй саласыз.
  • Бояудың тағы бір артықшылығы – үйдің интерьеріне қарай қалаған түсіңізді таңдау еркі болады. Көбіне түсқағазды үй жиһазы мен пердеге қарай таңдау қиынға соғып жатады.

Кемшілігі:

  • Бөлмелердің қабырғасын бояу көп шығынға алып келеді. Неге десеңіз, көбі қабырғаны бояу жұмыстарына кіріспес бұрын, оны дайындап алу керегін ескермей жатады. Ал бұл көп шығынға алып келеді. Қабырғаны әктеп бояу қажет емес, бар болғаны тегістеп, бір қалыпқа келтіріп алсаңыз болды.  Бояу қанық әрі ұзақ сақталуы үшін түстің сапалысын алғаныңыз дұрыс.
  • Пәтіріңізді жаңадан салынған тұрғын үй кешенінен алған болсаңыз қабырғаларды бояуға асықпаңыз. Өйткені жаңадан тұрғызылған үйдің қабырғалары жарылып, сызат түсу ықтималдылығы жоғары. Ал боялған қабырғаңыз мұндай кем-кетіктерді жасыра алмайды. Сол үшін кем дегенде 2-3 жыл күткеніңіз дұрыс болады.

Түсқағаз

tus 1

Түсқағаздың артықшылығы

  • Түсқағаз – жөндеу жұмыстары кезінде қолжетімді әрі тиімді.
  • Түсқағаз – күрделі жөндеу және алдын-ала дайындық жұмыстарын қажет етпейді. Түсқағаз арқылы қабырғадағы кемшіліктерді жабуға болады.
  • Жылдар өткен сайын үйдің қабырғасы жарылып, ұсақталуы мүмкін. Мұндайда қабырғаға сызат түскені байқалмайды.
  • Түсқағаз бояуға қарағанда пәтеріңізге жаңа реңк, жайлылық пен әсемдік сыйлайды. Визуал тұрғысынан көзге тартымды көрінеді.

Кемшілігі:

  • Әр түсқағаздың сапасына қарай жарамдылық мерзімі болады. Сапалы түсқағаз 5-7 жылға дейін түр-сипатын жоғалтпайды. Түсқағазды жаңарту кезінде жұмыс күрделене түседі. Ескісін жырту кезінде үйіңіз шаң тозаңға толып қалады. Жаңа түсқағазды жабыстырмас бұрын, қабырғаны барынша дайындап алу керек. Оны әктеп, тегістеп кейін желімге дайындау қажет.
  • Егер үйіңізде ит немесе мысық болса, түсқағаздың әдемілігі жоғалады. Үй жануарлары тырнағымен жыртып тастауы әбден мүмкін. Ал боялған қабырғаны бүлдіру оңайға соқпасы анық.
  • Түсқағаздар арасында таңдау аз болады. Кейде қалаған түсқағазды таппай көп уақыт жоғалтып жатады. Ал қабырғаны бояу бұл ретте өте тиімді. Себебі ойыңыздағы түсті тез шығарып аласыз.

Назарларыңызға түсқағаз бен бояудың артықшылығы мен кемшілігін ұсындық. Бояу немесе түсқағаз таңдау өз еркіңізде. Таңдау кезінде қиындық туындамасын десеңіз, маманның көмегіне жүгініңіз. Пәтеріңізге қажетті материалды ұсынады.