Әшекей бұйымды тағу және таңдау мәдениеті
Әрбір қыз-келіншек дүкен сөрелерінде әшекей көрсе, сатып алуға асығады. Бірақ, қай кезде, қандай киім түрімен тағуға болатынына бас қатырмайды.
Кейін сол сатып алынған әшекей үйдегі сөренің бірінде сол қалпы тағылмай қалады. Осындай жағдай орын алмас үшін бүгін стилист Гүлбақыт Қонысбайдың әшекей таңдау кезінде неге назар аудару керегін айтып берді.
- Гүлбақыт ханым, әшекей бұйымды қалай таңдау керек?
- Әшекей бұйым алтыннан, күмістен деп бөлінеді. Әшекейді таңдау кезінде оның сапасына баса назар аударған жөн. Бұл жерде баға маңызды емес. Себебі алтынның бағасы қымбатқа түседі. Ал күмістен жасалған әшекей бұйымдар қолжетімді. Әрбір ару болмысына жақын әшекейді таңдағаны дұрыс. Бірі таза алтыннан дайындалған бұйымды қажет деп санаса, енді бірі күмістен дайындалғанын таңдайды. Әшекей бұйымдардың бірнеше түрі болады. Олар: базалық, іскерлік жиынға, мерекелік іс-шараларға және т.б. Әшекей бұйымды таңдау кезінде жіберілетін қателік – бетіңіздің формасына назар аудармау.
– Әшекейлер маусымға бөліне ме?
- Күнделікті тағатын әшекейлер маусымға бөлінбейді. Әр маусымға арналған киім болады, бірақ әшекейі емес. Өйткені әшекей бұйымды әр жыл мезгілінде тағуға болады. Ол сіздің киім үлгіңізге қарай бөлінуі мүмкін. Жыл сайын белгілі бір сән үйлері жаңа маусымға арналған киім үлгілерін дайындау кезінде міндетті түрде әшекей бұйымдардың үлгілерін де жасап шығарады. Әшекей бұйым сұраныста болып, трендке айналады.
- Әшекейлер қандай түрлерге бөлінеді?
- Әшекей бұйымдар 5 түрге бөлінеді: сақина, білезік, алқа, сырға және аяққа арналған әшекей бұйым.
- Әшекейді таңдау кезінде неге назар аудару қажет?
- Басты назарды сапаға бөлген дұрыс. Сәйкесінше қымбат әшекей ұзақ жылдар бойы болмысын жоғалтпай, жақсы сақталады. Сондай-ақ образыңызды қымбат етіп көресетеді.
- Киім үлгілеріне сай келетін әшекейді қалай таңдаған жөн?
- Әшекейді киетін киіміңізге қарай таңдау міндетті. Мысалы, спорттық киім үлгісімен үлкен, тастары бар сырға немесе алқа таға алмайсыз. Бұл киім үлгіңізді арзан етіп көрсетеді. Сондықтан киген киімізге сай келетін әшекей бұйымды таққан абзал. Кешкі жиынға немесе кездесуге әр түстегі әшекейді тақсаңыз, образыңыз ажарлана түседі. Ал күнделікті сыртқа арналған киім үлгілерімен қарапайым, шағын әрі кішкентай әшекейлерді таққан абзал. Сондай-ақ әшекейдің салмағы да маңызды. Әшекей қаншалықты ауыр болса, соғұрлым сіздің қозғалысыңызға бөгет жасайтынын ұмытпаған жөн.
- Кез келген жасқа сай келетін әшекей түрлерін айтып өтсеңіз.
- Егер көптеген қыз-келіншек гардеробын маусым сайын жаңартып отыруды қаласа, онда әшекей бұйымды мұқият таңдау қажет. Сондықтан сапалысын және бірнеше жыл бойы сәнде болатынын алған дұрыс. Сонда кез келген уақытта таға алатын базалық әшекей болады.
- Әшекей тағудың этикеты бар ма?
- Әрине. Көзіңізге түскен, көңіліңізге ұнаған зергерлік бұйымды таға беруге болмайды. Оның да әдебі мен тағу мәдениеті бар.
1. Егер сақина, білезік, сырғаның өлшемі сізге сай келмейтінін тақпаған жөн. Бұл эстетикалық тұрғыда тұрпайы көрініп қана қоймай, қолдың тамырларына кері әсерін тигізеді.
2. Егер ашық түсті, тасы бар сақина тағуды ұнатсаңыз, тырнағыңыздағы бояудың түсі қоңыр, қара түсті болу керек. Осылайша өзара үйлесімділік табады.
3. Зергерлік бұйымды тақпас бұрын оның тазалығына мән беріңіз. Тастардың көбі уақыт өте қарайып, дақ түсуі мүмкін. Сол себепті әрдайым тексеріп, тазалап тұрған абзал. Зергерлік бұйымды таңдау кезінде мұқият болу керек. Жылтырлаған, көзге түскен әшекейді алуға асықпаңыз. Ең әуелі сапасына назар аударыңыз.
- Қыздарға қажет ақпаратпен бөліскеніңізге көп рақмет!
Сұхбаттасқан Лаура Алтынбек.