Киім сатып аларда қойылатын 5 сұрақ
Әр маусым аяқталар сәтте киім дүкендерінде «қара жұма» немесе жаппай сатылым өтеді. Бұл қымбат киімдерді қолжетімді бағаға алатын мүмкіндік. Мақалада науқан кезінде қандай киім алу керектігін айтатын боламыз. Нақты қай киімді сатып алу керегін білу үшін өзіңізге маңызды 5 сұрақты қойып үйреніңіз. Бүгін сіздерге маңызды сұрақтар легін ұсынамыз.
1. Өзіңізден сұраңыз, бұл киім басқа киімдермен үйлесе ме?
Кез келген киімді сатып аларда міндетті түрде осы сұрақты қойыңыз. Өйткені көп жағдайда киімді сатып алып, кейін үйлестіріп киетін киім таппай жатамыз. Егер киім-кешегіңізде үйлестіретін киім болмаса, сатып алмауға кеңес береміз.
2. Киім-кешегімде ұқсас киім бар ма?
Егер сізде екі қара түсті туфли болса, үшіншісін сатып алудың қажеті жоқ. Бұл әр қыздан табылатын үш төрт гүлді көйлек сияқты. Ұқсас киімдердің топтамасы көп болмасын десеңіз, оларды қайталап сатып алмағаныңыз жөн.
3. Бұл киім қандай материалдан тігілген?
Жаңа киімді саналы түрде ойланып сатып алған дұрыс. Бұл өз кезегінде ақшаны үнемді жұмасауға сеп болады. Дүкенге кіре берісте тұратын әдемі киімдердің топтамасын көріп, бәрін сатып алуға асығамыз. Бірақ, оның қандай матадан тігілгеніне назар аудармай жатамыз. Бұл үлкен қателік. Киім-кешегіңіз жылдар бойы жақсы сақталғанын қаласаңыз сапасына мән беріңіз.
4. Егер жеңілдік болмаса, мен бұл киімді сатып алар ма едім?
Дүкендердегі Sale деп жазылған баннерлерді көрсек дәл сол киімді алуға асығамыз. Алайда, оны қайда және қалай киетінімізді ойланбаймыз. Жылына бір рет киетін киімді жеңілдікпен сатып алмауға кеңес береміз.
5. Бұл киімді ертең сатып алғым келе ме?
Қыз-келіншектер көңіл-күйі болмай дүкенге кірсе қабағы ашылып, жадырап шығады. Яғни, көңіл-күй болмаған кезде дүкенге барып, киім сатып алуға асықпаңыз. Мұндай жағдайда сатып алынған киім де шаң басып қалуы мүмкін.
Киімді саналы түрде сатып алу арқылы ақшаңыз бен уақытыңызды үнемдейсіз. Сәйкесінше өмірдің әр кезеңіне арналған нақты капсулды киім-кешегіңіз болады. Біз ұсынған сұрақтарды әдетке айналдырып, қолданысаңыз болады.