Елорда – Сарыарқаның жүрегі!
Еуразияның жүрегінде орналасқан Қазақстанның бас қаласы – басқа елдердің сан ғасырлық тарихы бар астаналарымен салыстырғанда өте жас. Бірақ қазақстандықтардың арманы мен өркендеуін паш ететін қала.
«Астананы құру – тәуелсіздік дәуірінің маңызды оқиғасы», – дейді тарихшылар. Барлығымызға белігілі, Елорданы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы шешімді Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі 1994 жылы шілденің 6 қабылдады. Астананы ресми көшіру 1997 жылы желтоқсанның 10 жүзеге асты. Президенттің 1998 жылғы мамырдың 6 Жарлығымен Ақмоланың атауы Астана болып өзгертілді. Жаңа астананың халықаралық тұсаукесері 1998 жылы маусымның 10 өтті. Ендеше еліміздің жүрегі саналатын бас қала туралы көп жерде кездеспейтін, тың ақпаратты назарларыңызға ұсынамыз.
Тұңғыш рет Алматыдан астананы Ақмолаға көшіру шешімі қабылданғанда, Есілдің жағасында 250 000 мың ғана халық өмір сүрген. Қазіргі таңда бұл көрсеткіш 1 млннан асады.
Сол жағалау - Астананың ерекше бөлігі. Сәулеті ерекше ғимараттарға қарасаң көзің тоймайды. Олардың орналасу тәртібі де басқаша. Біреу білсе, біреу білмес, бұл үйлесімділіктің негізін бір кездері Қазақстанның жаңа Астанасы тұжырымдамасының авторы - әлемге әйгілі сәулетші Кисе Курокава қалаған. Сол уақыттарда жаңа қаланы құру байқауына Жапония, АҚШ, Италия, Франция, Чехия, Ресей және Австралия мемлекеттерінен «сен тұр, мен атайын» дейтіндей әлемге әйгілі сәулетшілер мен суретшілері өтінім білдірген болатын. Дегенмен Жапон елінен келген Кисе Курокава өзінің тәжірибесінің арқасында оқ бойы озық тұрды. Кисе Курокава 38 ұлттық және халықаралық байқауларға қатысып, 34-те бірінші орынды иеленді. Оның жобалары бойынша 50-ден астам түрлі нысандар салынды, оның тұжырымдамалары мен жоспарлары төрт жаңа қаланың бас жоспарларына негіз болды. Курокава 20 кітап және көптеген мақалалар жазды. Ол барлық мүмкін болатын кәсіби сыйлықтар мен марапаттарға ие болған маман.
Астана қаласындағы 1 ғасырдан астам тарихы бар, қазіргі Кенесары 37 мекенжайындағы «Астана» азық-түлік дүкені 1905-1907 жылдары салынған. Ғимаратта орыс сәулетінің барлық белгілері бар. Бұл жобаның авторы, Санкт-Петербург сәулет мектебінің өкілі, сәулетші Александр Гоген екен. Азық-түлік дүкені Астанадағы әлі күнге елшіліктерге не мемлекеттік органға берілмей келе жатқан, көпшілік қолданыс айналымынан алынып тасталмай, тікелей міндетінде пайдаланылып келе жатқан, патшалық дәуірден бері бұзылмай аман қалған ғимараттың бірі.
Астанадағы ең көне ғимаратқа биыл 177 жыл. Сәкен Сейфуллин мұражайы 1846 жылы пайда болды. ХХ ғасырда онда «Зорка» деп аталатын балабақша болған. 1988 жылы ақпанның 20-ы Сәкен Сейфуллин қайтыс болғаннан кейін 50 жыл өткен соң, Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің өкімімен ғимаратта мұражай ашылды.
2003 жылы Астанада Әлемдік дәстүрлі діндер мен дін көшбасшыларының I-съезі өтті. Елорда төрінде әр үш жыл сайын шақырылып, осы аралықта конфессияаралық келісімдерді нығайтып, алуан түрлі діни қауымдастықтардың қарым-қатынасы жаңа деңгейге көтерілуіне ықпалын тигізген Съезд өзінің дінаралық диалогтағы орнын қалыптастыра білді. Іргесі берік қаланған осы шараның бітімгершілік рөліне деген сенім әр форум сайын артып келеді. Басқосуға алғышарт болған бірқатар себептер болды. XX ғасырдың алғашқы жылдары бүкіл адамзаттың жадында қара дақ болып қалған АҚШ-тағы қыркүйекте болған оқиға, Ирак және Ауған жерлеріндегі әскери қақтығыс, 2001 жылы еліміз үшін тарихи оқиға болған Рим Папасы II Иоанн Павелдің Астанаға келуі сынды тарихи оқиғалар әлем діндері мен дін басшылары үшін елордада ұйымдастырылған мәжіліс елімізді әлем саяси аренасындағы беделін еселей түскен болатын.