Туған күніңмен, қазақтың маңдайына сыймай кеткен ұлы Бекзат Саттарханов!

  Бүгін, сәуірдің 4-і атақты боксшы Бекзат Саттарханов 43 жасқа толар еді.. Олимпті бағындырған чемпионымыз  20 жасында ғайып болды. 2000 жылы желтоқсанның 31-і қайтыс болған спорт озаты спортшылардың армандайтын биігіне көтеріліп кетті. Q-life.kz сайты даңқты спортшының туған күнінде оның өмірінің бірер сәтінен естелік жазуды жөн көрді. Қолыңыздағы бір пиала шайыңызды ішіп біткенше соңына дейін оқыңыз.

article 4889 1554358916

  Бекзат Саттарханов 1980 жылы сәуірдің 4-і Түркістан қаласында дүниеге келген. Бокспен ерте балалық шақтан емес, 15 жастан бастап айналыса бастады. Бұл спорт үшін кеш еді. Бірақ Бекзат үшін емес. Талантты боксшы қатарластарынан тез оза түсті.

1396586267

Спорттық мансап

  18 жасында Бекзат Азия жастар біріншілігінің және 1998 жылғы жастар арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды. 19 жасында Орталық Азия чемпионатында күміс медаль жеңіп алып, кейін Азия чемпионы және Орталық Азия елдерінің чемпионы атанды.

  Боксшының жұлдызды уақыты 2000 жыл еді. Жалпы 2000 жылы адамзат үшін есте қаларлықтай оқиғалар болды: сатылымы 126 млн-ға жеткен Нокиа 3310 қалта телефоны шықты, атағы жер жаратын Гарри Потер фильміне басты кейіпкерлері бекітіліп, фильмнің түсірілімі басталды, Ресей Федерациясында президенттік сайлауда Путин жеңіске жетті, Сидней Олимпиадасына Солтүстік және Оңтүстік Корея бір ауылдың баласындай ортақ ту көтеріп шықты. Дәл сол жылы Түркістаннан шыққан қарапайым 20 жасар қазақ баласы Австралияның ең әдемі қаласында сенсация жасап, бокстан алтын медаль иеленді. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Сиднейдегі олимпиада небәрі екінші болды. Қандай Олимпиада?! 3 алтын! Барлығы 7 медаль! Бұл егемендігін енді алған ел үшін өте жоғарғы көрсеткіш еді. Міне осылай Бекзат Саттарханов Қазақстанды бүкіл әлемге танытты.

Өлімі

  2000 жылы желтоқсанның 31-і, жаңа жылға 15 минутқа қалғанда Сидней төріне көтерілгеніне небәрі 3 ай өткен Бекзат Саттарханов  Оңтүстік Қазақстан облысы Ордабасы ауданы Шұбаровка елді мекенінің маңында жол апатынан қаза тапты. Ол Түркістаннан Шымкент қаласына үйіне келе жатқан еді.

  Олимпиада финалында Бекзат Саттарханов жеңген американдық Рикардо Хуарес қарсыласының өліміне қатысты мынандай баяндама жасаған екен:

- Маған қоңырау шалып, Бекзат Саттархановтың жол апатынан қаза тапқаны туралы айтты. Сол сәтте Құдайдың ниетін түсіндім. Ол қазақстандық боксшыға аз уақыт қалғанын біліп, сол бокс бәйгесінде Бекзаттың ұтуына үлес қосыпты ғой.

  Спортшыға әндер мен өлеңдер арналды, тіпті фильмдер түсірілді. 2005 жылы Бекзат Саттархановқа арналған Қазақстанның пошта маркасы шығарылды. Ал оның туған жері Түркістанда «Бекзат Саттарханов атындағы спорт мектебі» ашылды.