Алаш қайраткерлері Амангелдіні өлтірді ме?

  Биыл Амангелді Имановтың туғанына 150 жыл толды. Осы орайда батыл жүректі азаматтың өмірі туралы ақпаратпен бөлісеміз.

 2

  Амангелді Иманов 1873 жылы Торғай уезі Қайдауыл болысының Терісбұтақ ауылында дүниеге келген, қазіргі – Қостанай облысының Амангелді ауданы. 12 жасына дейін ауыл мектебінде, кейін төрт жыл медреседе оқыды, түрік, парсы, араб тілдерін үйренді.  Мерген, шабандоз, жігерлі, еркіндікті жақсы көретін батыр 1905-1907 жылдардағы өкіметке қарсы көтерілістерге қатысып, қудалауға ұшырап, Торғай даласының шалғайдағы ауылдарына жасырынуына тура келді. Ал 1910 жылы Амангелдінің бастамасымен өзі туған ауылында балаларға арнап мектеп салдыртты.

  1910 жылдан бастап қазақ жеріндегі халықтың көзі ашылып, саяси мәжілістер ұйымдастырылды. Мұндай құбылыстың да себебі елге оқыған азаматтар келіп, мектептердің ашыла бастауы еді. Халықтық дискуссиялар легі кейіннен халықты көтеріліске алып келді. Көзі ашылған халық Ресейден бодан ел болғысы келді. Дәл осы уақытта Амангелді Имановтың жұлдызы жанды десек болады. Ол ұйымдастырушылық және қолбасшылық дарынымен 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісте танылды. Бұл көтеріліс еліміздің саяси, қоғамдық өмірінде өте маңызды рөл атқарады. Бұқара халықтың бұл көтерілісі 19-43 жас аралығындағы қазақ жігіттерін майдандағы қара жұмысқа алу туралы Николай ІІ   1916 жылғы 25 маусымдағы жарлығынан кейін өрістей түсті.  Көтерілістің саяси маңызы болды. Патша өкіметінің отаршылық саясатына қарсы бағытталып, халықтың бостандығын көздеді және Ресейдегі Ақпан революциясына дейін жалғасты.  Оған қатысқан сарбаздардың саны 50 мың адамды құрады. 

1  1918 жылдың қаңтарында Амангелді Иманов Торғай және Торғай облысында Кеңес үкіметін орнатуға белсенді қатысқан, Торғай уезінің әскери комиссары болған. 1919 жылғы 20 сәуірде Торғайда Кеңес үкіметі құлап, Амангелді тұтқындалып, ату жазасына кесілді. Алакөлге жерленді. 1940 жылы халық батыры Амангелді ауданының орталығына қайта жерленді.  

  Бір қызығы 1928 жылы Сталин байлардың қолдағысын қайтарып алып, ұжымдастыру саясатын жүргізеді. Осы науқанға қарсы шығады-ау деген азаматтарды бірінен соң бірін тұтқындай бастайды. Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Мырзағазы Есполов бастаған Алаш қайраткерлерін ұстап, түрмеге жабады. Сонда оларға тағылған басты айыптың бірі Амангелдінің өлімі болатын.

  Кейіннен Амангелдіні нақты кімнің өлтіргені белгілі болды. Аспандияр Кенжин деген азамат кезінде Алашорданың мүшесі болған. Торғайда «Алаш» отрядының шаруашылық жағын басқарған. Сол Аспандияр Кенжинге қатысты мұрағатта біршама құжаттар бар. Соның біреуі машинкаға басылған, елу беттен асады. Кезінде партиялық тазалаудан өткен Аспандияр Кенжин Бүркітәлі Сейсекенов деген адамның түрмеден сүйреп шығарылған Амангелдіге пышақ салып өлтіріп, сосын мойнына қыл шылбыр салып, ат құйрығына байлап жібергенін жазады.

3  «Тарихта Ахмет Байтұрсынов Амангелді Имановты тоқтату үшін бірнеше рет хат жазған деген оқиғалар кездеседі. Ахметтің басты идеясы соғыссыз бостандыққа жету еді. Десе де Амангелді басқа жолды таңдады. Оның жеңілуі заңдылық. Қолдарына қылыш, найза ұстағандар автоматты солдаттарды жеңгісі келді. Әрине, олардың бойында ерік-жігер мен ұлтына деген махаббат болды. Былай қарасақ екі жақтың да көксегені бір нәрсе. Бірақ екі тарап екі жолды таңдады. Қазір тарихи тұлғаларға байланысты: бір-бірін сатты, анау ананы ұстап берді деген кертартпа әңгімелер өте көп. Меніңше, бұл дұрыс емес. Тарих өтті, кетті. Біз тура қарап, жақсы оймен болашаққа қадам басуымыз керек», - дейді ҚР Мәжіліс депутаты, тарих ғылымдарының докторы Еркін Әбіл.