Мінезі көркем, ісі бекем қазақ қызы туралы...

  Еліміздің тарихында есімдері алтын әріптермен жазылған арулар аз емес. Ұлының емес ұлтының тәрбиесін насихаттаған Зере әжемізден бастап, бүгіннің батырларына дейін қазақ әйелдері болашақты алдын ала ойлауымен және өткірлігімен есте қалған деседі. Qlife.kz жобасы бірталай іске мұрындық болған, бірақ есімі көп айтылмай жүрген Алма Оразбаеваның өмірінен бір үзік сәтті сіздерге ұсынуды жөн көрдік.

Alma Orazbaeva  Алма Оразбаева Казакстанда әйел тендігі, қалың малды жою туралы заң актісін әзірлеуде тікелей араласты. Халыкаралық аренада да қазақ әйелдерінен бірінші болып шықты. Партия комитеті әйелдер бөлімінің менгерушісі, «Әйел теңдігі» журналының редколлегия мүшесі, «Жас қазақ» журналының редакторы.  25 жасында «Еңбекші қазақ» газетіне:

  «..Қазақстан халкының жартысы әйел. Сол бір елдің жарты денесі сиякты - әйел халқы сәулесіз, ойсыз, өнерсіз, надан болса, Қазақстан бүтін, толық саналы ел болмақ емес. Мұны қазақтың әйелі де, еркегі де есінен шығармауға тиіс. Әйел – болашақ. Ол ер азаматтың анасы, асыраушысы да, тәрбиешісі де. Әйел - қазақтың шаруасының  тұтқасы. Қазақ әйелі, қадіріңді өзің біліп, адам болып өнерге, білімге ұмтылуың керек»,  -  деп «әйел бостандығы» атты мақала жазады.

  Компартия тапсырмасымен шет елдерде болып, саяси шараларға батыл ара­лас­қан Алма Оразбаева қазақ даласына ағарту­шы­лық іс-шараларды енгізген қайратты қыз атанды. Ол қазақ қыздарының арасынан Сара Есова, Нағима Арықова,  Шолпан Иманбаева, Нәзипа Құлжанова, Рәзия Меңдешова, Аққағаз Досжанова сияқты бір топ қайраткер қыз­дарды тәрбиеледі. Оларды саяси өмірге ара­лас­тырып, белсенділігін арттырып, әйел бос­тандығының туын жоғары көтеруге үйретті.

  Алма Дінмұхамедқызы тек қазақ қыз­дары­ның көсемі ғана емес, бүкіл Шығыс қыз­дарының жарық жұлдызы бола білді. Шы­ғыс елдерінің әйелдері арасынан жарқ етіп көкке көтерілген ол халықаралық әйел­дер қоз­ғалысына араласқан алғашқы қыз еке­нін осы жерде атап өту керек. Ондай биік­ке, ондай дәрежеге бірде-бір Шығыс қыз­дары қол жеткізген емес. Ол Н.Крупская, А.Колан­тай, Инесса Арман сияқты саясаткер әйел­дермен бірге жүріп, Лениннің сөзін естуі, партияның көрнекті қайраткері қатарына енуі – қазақ қызының біліктілігін білдіртеді.

2  1924 жылы желтоқсанның 6-ы Алма Ораз­баева­­ның ұсынысымен Қазақстан Орталық Ат­қару комитетінің Президиумы қазақ әйел­дерінің теңдік алған мереке күні деп жариялады. Жалынды, жігерлі жастың қабілетін та­ныған басшылық көп ұзамай Мәскеудегі Свердлов атындағы коммунистік универ­ситет­ке жолдама береді.

  1928 жылы саяси көзқарасы қалыптасқан қазақ қызын партияның Орталық комитеті жо­ғары сенім білдіріп Саратовқа жіберіп, Повольже өлкелік компартия комитетінің бюро мүшесі әрі оның әйелдер бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалады. Отызға жетпеген қазақ қызының осындай жауапты қыз­метке көтерілуі, әрине, бекер емес еді. Ол тео­риялық жағынан әбден шыңдалған, өмір тәжірибесі мол, білімді ұйымдастырушы бол­ғанынан осындай сенімге ие болды.

  1926 жылы Алма Оразбаева ОГПУ-дің ко­мис­сары болған Иван Каширин деген ұлты өзге азаматқа тұрмысқа шығады.

  Алма Оразбаеваның осындай жалындаған болашақ үміт оты ұзақ жанбады.  Денсаулығына байланысты 1931 жылы 33 жасында зейнетке шығарылады. Бұдан кейінгі өмірі де арпалысқа толы. 1948 жылы дүниеден озды. Алманың қысқа да болса күреспен өткен өмірі жемісін берді. Бүгінде қазақтың қыз-келіншектері коғамда белсенді күшке айналып, өмірден өз орнын тапты. Бір өкініштісі Алма апамыздың тікелей ұрпақтары туралы ақпарат әлеуметтік желіде өте аз.

 

Мақаланы үйлестірген Нұрлан Нұрыш