Жер үшін тайталас
1915 жылы наурыздың 20-сы Ақмола облысының Танакөл ауылында Жұмабек Ахметұлы Тәшенов дүниеге келді. Қызмет жолын 19 жасында аудандық комитеттің хатшылығынан бастаған. Ал 25 жасқа келген шағында облыстық жер комитетінің бастығының орынбасары, 29 жасында облыстық партия комитеті басшының орынбасары қызметін атқарған. Отызында орда бұзған азамат 37 жасында Ақтөбе облысы партия комитетінің бірінші хатшысы қызметіне тағайындалып, үш жылдан кейін Қазақ КСР жоғары кеңесінің төрағасына дейін көтеріледі. Тәшенов жолдас қазақ елінің намысын қорғап, жерін сақтап қалу үшін барын салған азамат. Qlife.kz порталы Жұмабек Тәшеновтің мансап жолындағы ерлікке толы күндерінің бірін еске алуды жөн көрді. Ер мінезді азаматтың ерлігін күллі қазақ жұртына таратайық.
1953 жылы Қазақстан бүкіл Кеңес Одағынан 2 есе артық егін шығарып, әлемдегі жетекші елдер қатарына қосылады. 1954 жылы Ақмола, Көкшетау, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарын біріктірген, Қазақстанмен қатар Мәскеуге бағынған «Тың өлкесі» құрылды. Аздаған уақытта Қазақстанға Ресейден 2 млн адам көшіп келіп, қазақ халқының үлесі 30%-ке төмендеді. Дегенмен билік қазақ азаматтарының қолында болды. Олар үй ішінен үй тіккендерге басқаша қарады.
Тың өлкесін Т.Соколов басқарды. Соколовтың Республиканың мемлекет жоспарына статистикалық деректерді тапсырмай, бес облысты тікелей Мәскеуге қарату қажет дегеніне Тәшенов «Если не хочешь подчиняться Казахстану, то убирайся отсюда в 24 часа» деп жауап беріп, Соколовтың сөзін сөйлегендерді партиядан шығаратынын айтады. Ол кезде партиядан шығу мансабына балта шабумен бірдей еді.
1960 жылы Қазақстан тағы бір жұттың алдында қалып, Тәшенов мемлекеттік резервті аштырып, мал өлімін тоқтатады. Сол жылы Мәскеудегі партия жиналысында Козловтың үстелді ұрып «кеңестерге тиесілі резервті ашуға қандай хақың болды» дегеніне Тәшенов Қазақстан өз байлығын өзі иемдене алады деп жауап береді. Осы жиынға бүкіл одақтың басшылары қатысып, таң қалады. Себебі бұған дейін одақтас елдердің құқығы жөнінде ешкім ашық айтып көрген емес.
Кейін Тәшеновты Никита Хрущев шақырып, тың өлкесін Ресейге қосуға келісім беруін сұрайды. Тәшенов қарсы болғанымен, Хрущев мәселені Жоғарғы Кеңесте көтеретінін айтады. Сонда Тәшенов «Олай болса Қазақстанның тұтастығының кепілі КСРО-ның Конституциясын өзгертіңдер. Егер де заң бұзылатын болса, халықаралық сотқа береміз» деп жауап береді. Осы сөзі үшін Ж.Тәшенов премьер-министрден Оңтүстік Қазақстан облысы атқарушы комитеті төрағасының орынбасары қызметіне дейін төмендетілді.
Жұмабек Тәшенов жүйе мен тәртіпке бағынған коммунисттік партия мектебінен өткенімен, қазақ әдебиеті мен тарихынан сусындап өскен, өмірде мінезі тік, қызметте талапшыл адам болған.
Әзірлеген Нұрлан Нұрыш