Қасым хан және оның қоғамдық көзқарасы

  Қасым хан 16 ғасырдың басындағы ұлы тұлғалардың бірі ретінде танылған, «қазақ жерлерін біріктіруші» болды. Оның билік құрған кезінде Қазақ хандығы қуатты елге айналды.

  Қасым ханның дәуірінде Еділ мен Жайыққа дейінгі аймақ біржола хандық құрамына енді. Кең-байтақ аумақта қоныстанған далалықтардың билеушісі ретінде ол қазақ халқының этникалық аумағының қалыптасу үдерісін жүзеге асырды. Ол билік құрған жылдары түскейдегі Сыр бойы қалаларының басым бөлігі, Сарайшық қаласы да Қазақ хандығының құрамына енді. Тіпті «Тарихи-Рашидиде» Қасым ханның астанасы Сібірдегі Түмен жерлері де хандық құрамына енгені туралы жазбалар бар. Ендеше Qlife.kz порталы Қасым хан туралы тарихи кітаптарда кездескен жазбаларды назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.

1

  Ақпарат үшін: 1445 жылы дүниеге келген. Әз-Жәнібек ханның ұлы. Қасым хан тұсында қазақ халқының саны 1 млн-ға  жетті. «Қасқа жол» - деп аталатын заңдар жинағын шығарушы.  Қасым ханның қарамағында 160 мыңға жуық жауынгері болды. Ал жасақ жинаған жағдайда қазақ әскерінің саны 300 мыңға дейін жетті.

  Авторы белгісіз «Алам-ари-йи шах Исмаил» шығармасында Қасым хан туралы таңғажайып дерек кездеседі; «Иіліп сәлем берген соң, Жәнібек сұлтанның көзі бір сәт Қасым ханға түседі. Қараса, патша өзінің тағында аруақтанып отыр екен. Тағы таза саф алтыннан жасалған. Тақтың төрт бұрышы арыстанның, жолбарыстың, қабыланның аждаһаның бастарымен және құстардың суреттерімен өрнектелген екен.

  Мұхаммед Хайдар Дулатидың «Қасым хан өз билігін Дешті Қыпшаққа таратты. Бұл жұртта Жошы ханнан кейін одан құдіретті хан болған емес», - деп дәріптеуі Қасым ханның өз заманында ерекше беделді болғанын аңғартады. Оның саяси ұстанымы  мен халқына деген қамқорлығын ұлы Мамашқа айтқан мына сөзінен айқын білуге болады: Менің бір арманым – қазақ жерін тәуелсіз елге айналдыру болды және мен оған қол жеткіздім. Енді өзге мемлекеттер секілді дамып, гүлденіп, жетілуі тиіс. Халқымыздың атын биік ұста, оның мәдениетін, салт-дәстүрін әрқашан құрметте! Егер сен халықтың бірлігін сақтап қалғың келсе, елде бүліншілікке жол берме!»

  Қасым хан қоғамдық және мемлекеттік өмір қалыптарын сақтап қалу үшін әдет құқығын жаңғыртты. Кейбір ескі заңдарды жойып, сол тарихи дәуірдегі қазақ қоғамының өмірлік жағдайларына бейімделген жаңа құқықтық заңдар жинағын жасады. Бұл халық жадында «Қасым ханның қасқа жолы», -  деген атпен сақталып қалды. Қасым хан көрші елдермен тату болуға тырысты.

  Әлихан Бөкейхан Қасым хан туралы былай дейді: «Қасым хан қазақ халқын біріктіру арқылы үлкен әскери күшке ие болды. Қарауындағылардың бақытына орай, ол өзінің бейбітшілік саясатымен халықтың ыстық ықыласына бөленді, есімі ерекше әйгілі болды».

 

 

Әзірлеген Нұрлан Нұрыш