«Мойзесті оқыдың ба?» немесе Тілеуханов синдромы

  Бүгінгі таңда виртуалды әлеммен келісім тапқан жеткіншектің смартфонға телміріп отыруы қалыпты жағдай. Әдетте ересектер мұндай үрдіс баланы рухани мешеулікке шалдырып, қажыр-қайратын кемітіп, уақытын ұрлайды деп сескенеді. Өзіне, өзгеге, жалпы әлемге танымдық сипатта қарау адамның табиғи қажеттілігі болса, оның орнын алапат ақпарат нөпірі басып алды. Сондықтан көбі ең әуелі кітап оқудағы олқылықты оңалту қажет деген пікірді алға тартады.

  Хош... Ертеңінен үміті бар жеткіншек көркем әдебиет оқуға ынталы болуы шарт делік. Бірақ кітап көп, қайсы бірін оқып тауысуға болады? «Шөп те өлең, шөңге де өлең» дегендей, сөрелерде қаптаған шалағай-шалыс кітаптардың пайдасынан кесірі көп болса ше? Өсіп-жетілу жаманнан емес, жақсыдан өріс алады десек, талғам-талапты қалай қалыптастырып, күшейтеміз?!

   Егемендік алғалы қазақ әдебиеті тұралап қалды дегенді жиі естиміз. Бірақ балалар әдебиетінде көркемдік талап­тар­дың кей параметрлері бойынша іл­ге­рілеу нышандары байқалады. Дей тұра, мардымды әрі кесек шығармалардың ұсынылуы да сирегені рас. Оның үстіне қазіргі кітап қорындағы балалар әде­биетінің 90 пайызға жуығы кеңестік дәуірді жырлайды. Оларды оқымадың деп сөгудің өзі әбестік емес пе?!

  Ке­зінде академик Серік Қирабаев, про­фес­сор Құлбек Ергөбек сынды әдебиетшілер балалар әде­биетін зерттеп, оның сапасын бағамдап отырған. Өкінішке қарай бұл күндері мұндай кәсіби сыннан тұтас қазақ әдебиеті қағылып отыр.

  Ал көркем әдебиетті жата-жастанып оқыған аға буын кітапқа «адалдығын» сақтап қала алды ма? Ұрпаққа ұлағат үлкеннен болса, кішіні мінеу қаншалықты орынды? Әлде үлкендер кітап жи­науды сән көру дәуірінен шыға алмай қалған ба? Сапасынан санын артық қоятын заманның келмеске кеткенін жастар жақсы түсінеді. Сондықтан «кітапты көп оқысаң, ақылды боласың» өлшемі өз өміршеңдігін әлдеқашан жойған. Бірақ бұл «артық білім – кітапта» тәмсілін жоққа шығару емес.

  Үкімет жыл сайын әртүрлі тақырыптық бағыттағы әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін шығаруға, таратуға және сатып алуға қаржы бөліп келеді. Мәселен, соңғы 3 жылда бұл шараға 4 178 351 мың теңге ақша жұмсалған. Оның ішінде:

2020 жылы – 1 845 441 мың теңге;

2021 жылы – 1 157 407 мың теңге;

2022 жылы – 1 175 503 мың теңге елдің қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық, ғылыми-білім беру және мәдени салаларындағы өзгерістерді көрсететін кең ауқымды көркем, ғылыми, публицистикалық және библиографиялық серияларды шығаруға бағытталған.

  Адам баласын не нәрсеге де күштей алмайсыз. Бұл заңдылық кітап оқуға да жүреді. Ерік пен жан қалауы болмаса, бәрі бекер және ол үшін жазғыру да жөн емес. Жалпы, көркем әдебиет пен ғылыми еңбектерге құнығып өсу - мәдениеттіліктің белгісі деп қабылданған қоғамда әлгіндей мәселе өздігінен шешіледі. Бастысы - үздіксіз насихат жүргізуді жалғастыру керек.