Қазақ тілі аударма тіл ме?

  Осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын қазақ жерінде қазақ тілін білмеген жанның өз алдына еркін тіршілік етіп жүруі қиын еді.

  Себебі халықтың 90 %-і қазақ болды. Тіпті қалалар мен бекіністерге келіп орныққан отаршыл өкіметтің өкілдері, жергілікті халықтың тілін меңгеріп, үйренуге әуес келді. Ал Қазақстанға қоныстанған переселен қарашекпендер арнайы даярлықтан өтпей-ақ қазақ тілін игеріп алды. Мұның жөні тек алыс-беріс болмаса, саудамен шектелген жоқ. Астарында жұрт ішінен таныс-тамыр тауып, жайдары қазақтың шаңырағында жайма-шуақ бейбіт күн кешу ойының жатқаны анық. Бірақ 1917 жылғы қанды төңкерістен соң жағдай күрт өзгерді...

istockphoto 696677804 612x612

  Ұлы Октябрь революциясының салқыны өз атажұртында азшылыққа ұшыраған қазақтың ана тілін қажетсіз етіп, орыс тілін ұлықтауына сеп болды. Нәтижесінде туған тілінде сөйлеуді қорлық және кембағалдық танып, өгей тілде жосылтатын шалағай жандайшаптардың дәуірі салтанат құра бастады. Сөйтіп, қазақ тілі - жаншылып отырған кіріптар халықтың тілі болғандықтан, оған деген көзқарас та отаршылдық сананың бір көрінісі болып қала берді. Айтып айтпай не керек, тәуелсіз Қазақстанның кеңестік дәуірден жұқтырған ең үлкен кеселі мен кесапаты – тіл мәселесі. Салдарынан қазір де қазақ тілі реципиент (қабылдаушы) тіл деңгейінен аспаған секілді. Оны біз сауатсыз аудармалар мен қисапсыз қателерден көріп жүрміз.

  Ғалым Дандай Ысқақұлы «Жас Алаш» газетіне берген сұхбатында «Қазіргі қазақ тілі суррогатқа айналды» деген екен. Сыншы сөзін мамандар да растап отыр. Олар әсіресе қазақ тілі грамматикасының калькалануы 90-шы жылдары басталды деп есептейді. Сол уақытта екі тілдің грамматикасын жетік білген, аударманың принциптерінен хабары бар мамандар тапшы болған соң, сапасыз аудармаға ұрыну ықтималдылығы жоғары еді. Бұл үрдіс әлі сақталып келеді. Солардың бірнешеуіне шолу жасасақ:

  • «Қажет», «тиіс», «керек» деген модальдық сөздердің ішінде тек «тиіс» сөзі ғана жіктеледі. Мысалы «оқуға тиіспін, оқуға тиіссің, оқуға тиіс». Ал «қажет», «керек» жіктелмейді. Қазір көбі «оқу керекпін», «оқу керексің» деп сөйлейді. Бұл – қате.
  • «Баруда, келуде». Қазақ тілінде «жатыр, отыр, тұр» сияқты көмекші етістіктер бар. Қазір оларға жапа-тармағай «-уда», «-удені» жалғай беретін болдық. «Мен мақала жазып жатырмын» дегеннің орнына «Мен мақала жазудамын» дейміз.
  • Көптік жалғау орынсыз қолданылып жүр. Мысалы «көз, су, халық, білім, ғаламтор, ақпарат, ауа, көрермен» сияқты сөздер көптелмейді. Сонымен қатар жанды, жансыз заттың мөлшері, көлемі көрсетілсе, көптік жалғау жалғанбайды. Мысалы біз «бір топ студенттер» дейміз. Студенттің көп екені «бір топ» деген тіркестен-ақ белгілі болып тұр ғой.
  • «Жұмысты жасамайды», «жұмысты істейді». Себебі әдеби тіл нормасында «жасау» деген сөз бірдеңе жасаған кезде қолданылады.
  • «Сәттілік!». Бұл да – орыстың «удачи!» деген сөзінің тікелей аудармасы. Қазақ «Сәттілік тілеймін!» дейді.

  Мұнымен сұмпайы әрі сөлекет сөздер мен сөз тіркестері бітсе игі. Әрі қарай жалғастырамыз.

 Мәселен түйте-долаң сауат­сыз­дық көрінісі – «туылған» сөзі. Қалыптасқан ауызекі тіліміз былай тұрсын, арғы-бергі жазба нұсқалар­дың өзінен мың сан мысал «тудыға» меңзеп тұр. «Туғанда дүние есігін ашады өлең…», «Бар – қартаймақ, жоқ – тумақ, туған – өлмек…», «Анадан алғаш туғанда – жыладым неге дауыстап…».  

  Қазақ туған анасын «апа» деп атайтын. Қазір жаппай «мама» болды. Ұлтымыздың байырғы тілінде «маманың» негізгі мағынасы – емшек. «Мен – сәби, мейірімді ана құшағын­да, – Ақ мамасын сүйемін, құшамын да», – деп жазған Сұлтанмахмұт. Ал қазір бұл қасиетті ұғым да архаизмге айналып кетті. Мұны бар қазақ ұлттық бейнеден айры­лудың бір ғана куәлігі деп ұғынуы керек.

  «Үлкен рахмет» деген тіркес бар. Қазақ «көп рахмет» дейді. Бұл да «большое спасибоның» сәтсіз аудармасы.

  «Жарты арал». Бұл – кәдімгі орыстың «полуостров» сөзінің тікелей қотарымы. Қазақша – «түбек».

  Тағы бір мысал келтірелік. «Қаймана». Қазіргі қолда­ныс­тағы қалыбы – «қаймана қазақ». Яғни «жалпы қазақ», «исі қазақ», тіпті, «өзіміздің қазақ» дейтін ұғымға саяды. Байырғы тіліміздегі «қаймана» – бөтен, сыртқары деген ұғым береді, яғни «қаймана қазақ» – қазіргі қолданыстан мүлде кері мағынадағы тіркес.

  Қазіргі қазақ баспасөзіндегі мәтіндерде де өрескел қателерді жиі кездестіреміз. Ақпарат құралдарында тілдік нормаларды қолдану мен дыбыстауда олқылық көп. Ал көшедегі жарнамадан көз сүрінеді. Мысалы «Adidas» брендінің сауда белгісіне тиесілі іш-киімдердің бірін: «трусы мужские – қорқақтар еркектер» немесе дүкен сөрелеріндегі «живой кефирді» «тірі айран», «лакированный колготкиді» «ит шұлық» деп аударғандар өз арамызда жүрген қаракөздер.

  Біз мұны тәлпіштеп жазғанмен, жылдар бойы қалыптасқан үрдістің салдары жойылып кетпейді. Тек «стилистикасы мен грамматикасы бүлінген тілдің келешегі бар ма?» деген ой әрқайсымыздың көкейімізде жүргені абзал...