Өнер алды қызыл тіл ме?

  Жалпы қазақтың ой-санасында білім және ғылым, оқығандық пен көрегендік, ақыл мен парасат ұғымдары бағзыдан берік бекіген.

  Ел арасында «оқысаңдар балалар, шамнан шырақ жағылар» деп жөн айту да жалаң ұран мен жалынды сөз емес, атадан қалған өсиет еді. Әсіресе қазақ сөз өнері үшін құтты, берекелі ұя болды. Сол арқылы мәдениеттің, өнердің, ғылымның барлық саласына терең бойлаған. Яғни, бәйге атындай тағаланған қуатты тіл қоғамдық сананың әрі күрделі, әрі іргелі құбылысына айналды. Бар қазақтың икем-қабілеті жазушылық, тарих және әдеби сын, көсемсөз тарабына ойысты.

  Егер уақыт дауылы, замана толқыны, сілкініс пен дүрлігіс, төңкеріс пен апат – ғаламдағы ешбір хикмет тұғырынан қозғай алмайтын алыптар болады десек, қазақ мәдениетінің тарихындағы мызғымас тұлғалар көбіне әдебиет майталмандары болған. Мұның ешбір залалы жоқ, әрине. Бірақ қызыл сөзден қуырдақ қуырғаннан елде өндірістің өрісі кеңейген жоқ, техникалық сала кенжелеп қалды, жаратылыстану ғылымы жасыды ма дейсің...

istockphoto 882484258 612x612

  ҰҒА академигі Асқар Жұмаділдаев түрлі ғылыми жаңалықтар мен игіліктер батыстан, христиан әлемінен келіп отыр деп есептейді. Ал ислам өркениеті он бесінші ғасырдан бері алпауыттар аламанынан алыстаған сыңайлы. Шынтуайтында техника саласында ерлік жасаған қай қазақты білеміз?! Жапон елі «Toyota», «Sony-мен» мақтанады, немістер «Mercedes», америкалықтар «Apple», «McDonald’s», «Tesla-ны» айтып, марқаяды. Ал қазақ ше?! Қазақ несімен мақтанады? Бұл ретте математик Асқар ағаның «жетекші мен жетектегі ел» теориясы қисық айнадағы қазақ кескініне нұсқап-ақ тұр. Ғалымның «қазаққа ақын емес, технократ керек» деп ежіктеуі де тегін емес, түбі қазақ қамы. Әрине, поэзия тек сұлу сөздің сыңғыры деуден аулақпыз...

  Билік те осы уақытқа дейін ғы­лымды дамыту мен ғалым­дарды қолдауға қатысты түрлі бағдарлама қабылдап келгенмен, оның қуаты мен қай­тарымы әлжуаз болды. Оның үстіне соңғы екі жылдан бері елде зерттеушілер саны азайған. Мысалы, 2019 жылы – 21 843, 2020 жылы – 22 665, ал биыл 21,6 мың ғалым бар екені мәлім бол­ған.

  Қазіргі 21,6 мың өнертапқыштың 7 525-і – жастар. Ға­лым­дар еңбекақы­сы­ның тұрақсыз әрі төмен деңгейі кадрлық және ғылыми әлеуеттің негізгі бас ауруына айналды. Мәселен 2021 жылы ға­­лымдардың орташа жалақысы 187,7 мың теңгені құраған. Бұл Қазақстандағы орташа жала­қының 75 процентіне тең. Сайып келгенде осының бәрі ғылымды тартымсыз, мүсәпір хәлге түсіреді. Сонда қазақ ғылымына қашан қан жүгіреді?...

  Бұған қоса, «Қазақ тілі – үлкен ғылымның тілі емес. Себебі оның сөздік қоры таяз» дегенді жиі естиміз. Яғни қазақ тілі — мазақ тілге айналмасын десек, оны – ғылымның, бизнестің, технологияның тілі қылуымыз шарт. Қорыта айтсақ, «Өнер алды – қызыл тіл» деп сөз қаді­рін өз қаді­рінен биік қойған халықтың абсолют құндылықтары заманына қарай амалын айшықтауы керек.

 

P.S: (-)-ті (+)-ке айналдыр.

Әл Хорезми