Нәзирашылдық – тарамды арна
- «Сөз асыл талай ғайып сыр ашатын,
- Әлеммен сыры жұмбақ сырласатын.
- Бүгін бардың – ертең-ақ бәрі өшер,
- Сөз ғана мәңгі жасап, майдан кешер!
- Бақ солар, жібек шіріп, күмбез құлар,
- Бәрі-бәрі желге кетер, тек сөз қалар».
Низами (Аударған Қ.Бекқожин).
Қазақ әдебиеті бағзы заманнан Шығыстың дәстүрлі поэзиясы арқылы нәрленіп келді. Әсіресе көп ғасырлық тарихы бар нәзира үлгісі төл дастан мен жырларға тақырып, мазмұн, форма, көріктеу құралдары сынды көркемдік қағидаларын енгізді. Соның негізінде қазақ сахарасында көне аңыздардың, «Мың бір түн», «Шахнама», «Тотынама», «Жүсіп-Зылиха», «Ләйлі-Мәжнүн», «Фархад-Шырын» сынды дастан-қиссалардың мол мұрасы қалыптасты. Тіпті орта ғасырлық шығыс маржандарынан тамыр алған данышпан баба Абайдың «Ескендір» поэмасы мен Шәкәрімнің «Ләйлі-Мәжнүн» дастаны да қара өлең өнеріндегі нәзиралық дәстүрдің айқын сыпаты.
Сөз етіп отырған нәзирагөйлік дәстүрі - поэзия жанрындағы интерпретация. Яғни алдыңғы толқынның немесе сол замандағы әдебиет өкілінің қандай да бір шығармасын өзіндік өрнекпен, заманауи қалыпта түрлендіріп жазу. Алғашқыда Батыс елдері шығыстағы нәзира авторларын «еліктеуші» деп кемсітетін. Алайда шығыстың ұлы шайырлары мұндай туындыларды ешқашан аударма деп таныған емес. Керісінше, олар нәзирагөйлікті келелі мұрат – мақсаттарды заман талабына сай қайта жаңғыртып, жырлап берудің әдеби тәсілі ретінде кеңінен қолданды. Әрі ақын ойын, сезім-толғанысын жырлауға мұндай әдіс икемді келді.
Орта ғасырларда араб және парсы тілдерінде кеңінен етек жайып, үдере тараған поэзиялық құбылыс ғашықтық, батырлық һәм діни шығармалардың жазылуына сеп болады. Оған XIII-XIV ғасырларда көне қыпшақ тілінде жазылып, аты көпке мәлім болған Сайф Сараидің «Гүлстаны», Әлидің «Қисса Жүсібі», Құтыбтың «Хұсрау-Шырыны», Хұсам Кәтибтің «Жұм-жұмасы» және Рабғұзидің қиссалары куә еді. Сол дәуірдегі Алтын орданың озық шығармалары да осы сарынмен жазылған. Олардың қатарында шоқтығы биік «Хұсрау-Шырын», «Гүлстан», «Қисас-үл әнбия», «Нахжүл Фарадис», «Қисса Жүсіп», «Жұм-жұма» бар.
Тарих беттерінде нәзиралық үлгінің аса даңқты мысалы әзербайжан халқының ұлық ақыны Низами Гәнжауидің «Хұсрау мен Шырын» поэмасы. Ақын шығарманың өзегі қылып Иранның тарихи деректемелерін алады. Назарына адал махаббатын ажалымен дәлелдеген Шырын образы ілігеді. Кей зерттеушілер Шырын кейпі – Низамидің сүйікті жары, қыпшақ қызы Афактың бейнесі болуы мүмкін деген пікірді алға тартады. Кейін дастанның өзге де нұсқаларын қыпшақ ақыны Құтыб, өзбек ақыны Науаи келтірген екен.
Шынтуайтында, бәріміз өзімізден бұрынғыны қайта жаңғыртатын нәзирашылдармыз ғой. Тек соның бастау көзін біліп жүрген абзал.