Бейбіт күннің батыры кім?
Зиялы болу дегеніміз – қиянатқа төзбеу
Әйгілі физик Андрей Сахаров
Жер-жаhанда кез келген тірі жан қауіпсіз ортада алаңсыз ғұмыр кешкісі келеді. Бұл оның заңды талап-тілегі. Шекарасын шегелеп, айналасын түгендеп алған соң, құтты шаңырағында сән-салтанаты жарасып, өсіп-өнеді. Табиғаттың ұлық заңдылықтарына жәндігі де, хайуаны да, адамы да бірдей иман келтіріп, ішіндегі естісі тіршілік етудегі асыл мұрат – бақытты болуға тырысады. Бақыттың қос қанаты бар. Адами бақ пен азаматтық бақ. Бұлар қос қалпында ғана рухыңды тойдырып, көңіліңді жадыратып, болмысыңды кемелдендіреді. Бірінші бағың – адами, жеке бас бақытың делік. Екіншісі ше? Тарқатып көрелік.
Мысалы, біз қазақтың қараша үйінде дүниеге келіппіз. Тал бесікке бөленіп, тіл бесікте тербелдік. Балалық шағымыз таным-тәрбиесі мен дәстүр-ғұрпы бұзылмаған қазақы өңірде өтті. Ес біле өз тілінен өлердей безетін, өтірікті судай сапыратын, адалынан арамы үстем, жарға жығар жағымпаздығы бар, парақорлықты қорлық көрмейтін, жалған мадақты талғамай жұтатын, қисық жүйеге еті үйренген кіріптар қазақты көрдік. Озған жастан гөрі, еңсесі езілген тозған жасты кездестірдік. Ал төңірек толған тілсіздік жанымызды түршіктірді. Қабылдай алмай дал болдық. Қысқасы, туған ұлтының келешек тағдырына алаңдау түбі азаматтық бақытқа ұмтылуды меңзейді.
Бұл біз бастаған шер емес. Тұтас бір қоғамның қатпар-қатпар қырларын ықылым заманда аты әлемге баhадүр Әл Фараби зерттеген. Оның «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары туралы трактат» еңбегі ізгі, әділ әрі қайырымды қоғам құруға пейілді қауым жайлы толғайды. Орамды ойды Шәкәрім қажының «Үш анығы» да келісті жалғайды. Ақын кітаптың шымылдығын: «Адам ақиқатты бас көзімен көрмейді, ақыл көзімен көреді... Өлімнен соң біртүрлі тіршілік бар. Екі өмірге де керекті іс – ұждан. Ұждан – дегеніміз ынсап, әділет, мейірім», – деген сөздермен ашқан. Яғни құлқыңның құлы болмас үшін екі өмірде де ар сақтап, адам болып қалу шарт.
Жә, мұның бәрін тәлпіштеп не үшін жазып отыр дейсіз ғой?! Мына мен де, сіз де қазақтың рухани мешеулігін жетістік деп көрсететін, өз үрейінен толеранттылық, ал бейшаралығынан мәдениет жасайтын, қорқақтығын парасат, алаяқтығын ақылдылық санайтын қоғамды қолдан құрып отырмыз.
Қай заманда болмасын адамның ең асылы – шыншылы, жақсысы - азаматтық қоғамды қалыптастыруға үлес қосқаны, ардақтысы – халқына қалтықсыз қызмет еткені. Азаматтық ар-намыстың осы өлшемдері ғана қазақты бақытты қыла алады. Ал қазақ ертең емес, арғы күні емес, дәл бүгін бақытты болғысы келеді! Сонда бүгінгі күннің батыры кім?...