Мамыр айындағы мерекелерде қайда демалуға болады?
Алда мамыр айының мерекелері келе жатыр. Қазақстан халқының бірлігі күнінен басталған демалыс Отан қорғаушылар мен Жеңіс күнімен жалғасады.
Осылайша қазақстандықтар аптасына бес күн жұмыс істейтіндер – сәуірдің 29-ы мен 30-ы, ал мамырдың 1-і мен 6,7,8,9-ы демалады. Тек аптасына 6 күн жұмыс істейтіндер – сәуірдің 30-ы мен мамырдың 1-і, 7-9-ы демалады.
Ал мереке күндері елордада қайда демалуға болады?
«Құлагер» отбасылық демалыс орталығы
Бұл жердің ерекшелігі - жылқылары. Демалыс орталығында коттедждер, үйлер және киіз үйлер орналасқан. Мұнда отбасылық мерекелер, тимбилдинг сияқты түрлі мейрамдарды атап өтуге болады. Қала өмірінен демалып, пейнтбол ойнап немесе атқа мініп уақыт өткізуге болады. Сондай-ақ балаларға арналған ойын алаңы мен батут, шағын бассейн, самалжай, киіз үйлері мен қонақ үйлер бар. Күн ашық болса, жылқыға шабындықта, ал жауын-шашынды күні арнайы жабық манежде мінуге болады. Жазда бұл демалыс аймағында далада бассейн жұмыс істейді.
Жасыл белдеудегі веложол
Ені 2 метр, ұзындығы 23 км-ді құрайтын велотрасса 2016 жылы Қорғалжын тас жолының бойында ашылды. Келушілер демалыс күндерінде таза ауада демалып, велосипедпен табиғатта серуендеп, рахаттана алады. Веложолдың бойында демалуға арналған самалжайлар да орналасқан. Қыс мезгілінде бұл жер шаңғы трассы ретінде жұмыс істейді.
«Тұлпар» ат-спорт клубы
«Тұлпар» ат-спорт клубында әдемі жылқыларға, сондай-ақ понилерге мініп көруге болады. Сонымен қатар бұл жерде атқа міну, иппотерапания, жеке және топтық сабақтар өткізіледі. Тұлпарда бірнеше асыл тұқымды айғырлар мен жылқылар бар, бірақ оларға міну тек кәсіпқой шабандоздарға ғана рұқсат етіледі.
Қорғалжын қорығы
Астанадан басқа елді мекенге барып қыдырғыңыз келсе, онда қаладан 130 км шақырым қашықтықта Қызыл қоқиқаздарымен танымал Қорғалжын қорығы бар. Қорық аумағында 123 ірі және кіші көлдер, олардың ішінде ірі көлдері Тенгиз және Қорғалжын. Оның бірегейлігі – көлдің тұздылығы мұхиттың тұздылығынан да асып түседі.
Қорықта құстардың 347 түрі бар. Құстардың 41 түрі Қазақстанның Қызыл кітабына және 26 түрі Халықаралық Қызыл кітапқа енген. Сондай-ақ бұл жерде 443 гүлді өсімдіктің түрі бар.
Қорыққа Астана каласынан Қорғалжын ауылына автобуспен немесе жеке көлікпен жетуге болады. Қорық автостанциядан 200 метр қашықтықта орналасқан.
Бункер
Пейнтбол – спорттық және командалық рухты, тактикалық ойлау қабілетін, сонымен қатар дене шынықтыруды жақсартуға мүмкіндік беретін ең қызықты командалық ойынның бірі.
Елорданың ең үлкен ашық пейнтбол клубтарының бірі – Бункер. Клуб аумағында арнайы ағаштан салынған баспалдақтар мен ашық қора бар. Пейнтбол клубы «Ақжол» демалыс аймағында орналасқан. Онда пейнтболдан басқа бассейнде жүзуге, самалжайларда демалуға болады. Сондай-ақ бұл жерде 12 жастан асқан балалар ойнай алатын балаларға арналған пейнтбол да бар.
Панкратион
Егер демалыс күндері спорт жарыстарына барамын десеңіз, мамырдың 7-і «Алатау» спорт сарайында Отан қорғаушылар күніне арналған панкратионнан супертурнир өтеді.
Арыстанның күшімен және түлкінің қулығымен күресушілер «Assenov Fight» нұсқасы бойынша қазіргі панкратион бойынша әлем чемпионы атағы үшін бақ сынасады. Мұнда сіздерді 2 раундық «Assenov Fight Selection» супербойлары, 5 раундтық супербойлар тағы да басқа қызықтар күтеді.