Визасыз кірген шетелдіктер елде 30 күн ғана бола алады
Шетелдік азаматтар үшін Қазақстанда жүріп-тұру тәртібі өзгереді. Бұл туралы Қазақстанның Ішкі істер министрілігі хабарлады.
Сурет әлеуметтік желіден алынды
27 қаңтардан бастап жаңартылған көші-қон ережелері күшіне енді. Енгізілген өзгерістерге сәйкес, Қазақстанға визасыз келген шетелдіктер елде 30 күн бола алады. Алты ай ішінде визасыз шетел азаматтарының елде болу мерзімі 90 күннен аспауы керек. Ал Еуразия экономикалық одағы азаматтары үшін 180 күн ішінде 90 күннен аспайды. Бұрынғы жинақта бұл талаптар ескерілмеген еді. Бұған дейін шетелдіктер Қазақстанда жүріп-тұру мерзімі аяқталғаннан кейін елден кетіп, қайта келіп, мерзімді жаңарта алатын.
Министрлік жаңа ережелердің уақытша тұру рұқсаты немесе визасы бар шетелдіктерге қатысы жоқ деп отыр.
Ереже «Халықтың көші-қоны туралы» Заңның 6-бабына сәйкес келтірілген. Шетел азаматтарының Қазақстанда жүріп-тұру ережесін бұзу фактісі анықталған жағдайда шекара қызметі «Халықтың көші-қоны туралы» Заңның 48-бабына сәйкес шара қолданылады.