Инвестицияның 1-2%-ға өсуі жетістік емес
Премьер-Министр Инвестициялық штабтың отырысын өткізді.
Жиында шетелдік инвестицияларды тарту бойынша былтырғы жұмыс қорытындылары мен алдағы міндеттер қаралды.
Фото: primeminister.kz
Ұлттық экономика вице-министрі Ілияс Өсеровтың айтуынша 2022 жылы негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 15,1 трлн теңгені құраған. Өсім тау-кен өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, көлік және қоймалау сияқты салаларда тіркеліпті.
Өңірлер арасында Ұлытау (75,6%), Атырау (84,2%) және Жамбыл (86,5%) облыстары көш соңында қалып отыр. Жоспарлы межеге жетпеудің негізгі себептері – жер учаскелері мен техникалық шарттарды беру рәсімдерінің созылып кетуі, қажетті инфрақұрылымның дайын болмауы, сондай-ақ геосаяси ахуалдың күрделенуімен байланысты.
Әлихан Смайылов Ұлытау облысында құны 27,1 млрд теңге болатын бес ірі жоба іске аспай қалғанын атап өтті.
Фото: primeminister.kz
«Өңірдегі негізгі капиталға салынған инвестициялар бойынша жетпей қалған сома 50 млрд теңгеден асады. Әкімдік бұл олқылықты жаңа жобалар есебінен толтыруы тиіс еді. Облыстың әлеуетін пайдалана отырып, қосымша инвестициялар тартуды және туындайтын проблемаларды уақытылы шешуді қаматамыз етуі қажет еді», — деді Премьер.
Жалпы Әлихан Смайылов инвестиция тартуда көш соңында қалған облыс әкімдіктерінің жұмысын сынға алды. Әсіресе, Атырау мен Жамбыл облыстарының жағдайы мәз емес деп отыр.
«Кейбір өңірлерде инвестиция 1-2%-ға ғана өскен, әкімдіктер оны жетістік деп түсіндіруге тырысты. Бірақ бұл – жақсы көрсеткіш емес, жүйелі жұмыстың жоқтығының белгісі. Өткен жылдың қорытындысына сәйкес республика бойынша өсім 8%-ды құрады. Мемлекет басшысы 2025 жылға қарай негізгі капиталға салынған инвестициялар деңгейін ЖІӨ-ге 25%-ға дейін арттыру міндетін қойды. Бұл жыл сайын өсім 10%-дан жоғары болуы керек дегенді білдіреді», — деді Үкімет басшысы.
Ол аталған бағыттарға инвестициялар тарту бойынша жұмысты күшейтуді тапсырды. Бұл Мәдениет және спорт, Экология және табиғи ресурстар министрліктеріне де қатысты,-деді.
Ресми дерекке сүйенсек, қазір үздік 10 инвестор елдердің қатарына Нидерланды, АҚШ, Швейцария, Бельгия, Ресей, Оңтүстік Корея, Қытай, Франция, Ұлыбритания және Түркия кірді.
Премьер-Министр 2023 жылы экономикаға кемінде $24,4 млрд шетелдік инвестиция тарту міндеті тұрғанын, ол үшін Үкімет тарапынан барлық қажетті жағдайлар жасалғанын қадап айтты.
Жиын соңында Әлихан Смайылов өңір басшылары мен министрлер сын-ескертпелерді ескеріп, өткен жылғы олқылықтарды түзету бойынша шаралар қабылдауы қажет екенін ескертті.