Тоқаев Ердоғанға көңіл айтты: «Көмек көрсетуге дайынбыз»

  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия президенті Режеп Тайип Ердоғанға көңіл айтты, деп хабарлайды Ақорда.

«Түркия Республикасында болған аса күшті жер сілкінісі салдарынан көптеген адамның қаза тапқаны туралы суыт хабарды зор күйзеліспен қабылдадым. Осындай қиын сәтте жақындарынан айырылған отбасыларға, сондай-ақ бүкіл түрік ағайындарымыздың ауыр қайғыларына ортақтасып, Қазақстан халқының және жеке өзімнің атымнан көңіл айтамын», – деп жазылған жеделхатта.

Сонымен қатар Президент Қазақстанның Түркияға тиісті көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Еске салсақ, дүйсенбіге қараған түні Түркияның оңтүстік-шығысында бірнеше қалада жойқын жер сілкінісі болды. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, зілзала салдарынан 912 адам қаза тапты, 5385 адам жарақат алған.