Қазақстан Түркияға көмек жібереді

  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия президенті Реджеп Тайип Ердоғанмен телефон арқылы сөйлесіп, жер сілкінісінен көптеген адамның қаза табуына байланысты көңіл айтты. 

  Сонымен қатар Қазақстан жер сілкінісінен зардап шеккен аудандарға гуманитарлық көмек ұсынып, шұғыл түрде құтқарушылар мен дәрігерлерді жіберуге әзір екенін де айтқан болатын.

  Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке түрік бауырларымызға зілзаланың салдарын еңсеруде шұғыл көмек көрсетуді тапсырған. Бүгін Түркия Үкіметінің өтініші бойынша қазақстандық құтқарушылар мен дәрігерлер Газиантепке жолға шықты. Түркияға 41 құтқарушы мен дәрігер жөнелтілді. Топ құрамында республикалақ жедел көмек жасағының 33 қызметкері, апат-медицинасы орталығының 5 қызметкері, Төтенше жағдайлар вице- министрі Ибрагим Күлшімбаев бастаған ведомствоның үш өкілі бар. Тағы 1 камаз бен 2 арнайы құтқару көлігі, медициналық препараттар қамтылған.

  Сондай-ақ Еуро одақ елдері Түркия мен Сирияның жер сілкінісінен зардап шеккен аймақтарына құтқару топтары мен медициналық жабдықтарды жібереді. Қазір Еуро одақ Анкараның өтініші бойынша азаматтық қорғау тетігін жандырған. Еурокомиссия бұл елге төтенше жағдай карталарын жасау үшін өзінің Copernicus спутниктік жүйесін ұсынды.

  Түркиядағы жер сілкінісінен қаза болғандар саны 3381 адам, ал зардап шеккендер саны 20 мыңнан асты.