Енді мектептер ұлттық нақышта салынады
Жаңадан салынатын мектептердің интерьері, дизайнын және архитектурасын жобалау кезінде ұлттық стильдегі бірқатар элементтерді қолдану талабы қойылды. Бұл туралы "Samruk-Kazyna Construction" АҚ Басқарма төрағасы Мәулен Айманбетов мәлімдеді.
«Жайлы мектептер қазақ ұлттық стильде салынатын болады. Мердігерлерге осындай талап қойылды. Сондай-ақ құрылыс жұмыстарын жүргізу барысында еліміздің үздік сәулетшілері мен дизайнерлерін тарту жоспарлануда. Құрылыс кезінде заманауи технологияларды қолданысқа енгізеді. Жобалау-сметалық құжат ашық конкурс түрінде жүргізіледі. Жобалық-сметалық құжаттаманы дайындау кезінде интерьер дизайн мен сәулет құрылыс жұмыстарын жүргізу барысында ұлттық стильде бірнеше элементті пайдалану талабы қойылды», -деді Мәулен Айманбетов «жайлы мектеп» жобасын талқылау барысында.
Айта кетейік, жайлы мектептерде ерекше балаларға қажетті жағдайлар жасалатын болады. Кедергісіз орта құрылады: арнайы пандустар, лифттер және дәретхана бөлмелері. Әр мектепте инклюзивті білімді беруді қолдау кабинеттері бөлінеді. Бұл шаралар балаларды қоғамға тез бейімдейтінін алға тартады.
Соңғы статистикалық мәліметтерге сүйенсек, елде оқушы орындарынының тапшылығы 240 мыңды құрап тұр. Алдағы уақытта жаңа мектептер салынбаса, бұл көрсеткіш 1 миллионнан асу қаупі бар.