Астанада 200-ден астам дүкен иесі азық-түлік бағасын негізсіз көтерген

  Астанада 200-ден астам дүкен иелері азық-түлік бағасын негізсіз өсірген.

  Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Ерлан Бекмырзаев мәлімдеді.  Әкім орынбасарының сөзінше, жыл басынан бері Астанада 500-ге жуық дүкен тексерілген. 

 

  "Оның ішінде 198 дүкен тауарды үстеме бағамен сатып келген. Бізде сауда туралы заң бар, ол бойынша әлеуметтік маңызы бар тауарларға үстемеақы 15%-дан аспауы тиіс", – деді Ерлан Бекмырзаев астаналық кәсіпкерлермен кездесу барысында.

  Қазіргі уақытта әкімдік сауда желілерімен белгіленген бағадан асырмау туралы меморандум жасасқан.

  "Өкінішке орай меморандумға қаланың барлық сауда желілері қол қойған жоқ. Біз бұл жерде барлық тауар туралы айтып отырған жоқпыз. Бағаны көтермеу әлеуметтік маңызы бар 19 атаулы азық-түлікке қатысты. Сондықтан да шағын бизнесті, үй жанындағы дүкен иелерін әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын ұстап тұруға және бағаны қолдан өсірмеуге шақырамыз", – деді ол.