Маңғыстауға баратын жас мамандарға биыл 5 млн теңге көмек беріледі

  Маңғыстау облысында биыл «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында 411 маман біржолғы көтерме жәрдемақы  мен жеңілдетілген несие арқылы тұрғын үй сатып ала алады. 

  Бұл туралы Маңғыстау облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Лаура Мұхамбетова хабарлады.

  Спикердің айтуынша, биыл ауылдық елді-мекендерге жұмыс істеуге келген мамандар 100 АЕК яғни, 345 000 теңге мөлшерінде көтерме жәрдемақы және үй сатып алу үшін 1500 АЕК яғни, 5 175 500 теңгеден аспайтын сомада бюджеттік кредит түріндегі әлеуметтік қолдауға ие бола алады. Ал  2022 жылы 423 маманға барлығы 131 млн теңге жәрдемақы берілген.

  Сондай-ақ брифинг барысында Мұнайлы аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Шынар Сұңғат әлеуметтік қолдау шараларын алу үшін қажетті құжаттар тізімін атап өтті.

 - Үміткер көтерме жәрдемақы алғысы келсе, электронды үкімет веб-порталы арқылы өтініш жолдайды. Сондай-ақ  жеке басын куәландыратын құжат, бiлiмi туралы дипломының көшiрмесі, қызметті алушының еңбек қызметін растайтын құжаттың көшiрмесі талап етіледі. Ал тұрғын үйді сатып алуға және салуға бюджеттік кредит алғанда  қағиданың 2-қосымшасына сәйкес өтiнiш, жеке басын куәландыратын құжат, бiлiмi туралы дипломының көшiрмесi, көрсетілетін қызметті алушының еңбек қызметін растайтын құжаттың көшiрмесi және сәйкестендіру үшін неке қию куәлігі мен некеде тұрған қызметті алушылар үшін мемлекеттік тіркеу туралы куәлік пен кредиттік бюродан есеп құжаттары қажет болады, - деді Шынар Сұңғат.