Мемлекеттен бизнесті дамытуға 1,4 млн теңгені қалай алуға болады?
Ақпанның 20-сы жаңа бизнесті бастауға және дамытуға мемлекеттік гранттар алуға өтінімдерді қабылдау басталды.
www.business.enbek.kz сайтында кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба шеңберінде жаңа бизнес идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік гранттар алуға бірінші лек бойынша өтінімдерді қабылдау басталды. Республика бойынша бірінші ағын шеңберінде 2 577 грант беру жоспарлануда.
Грант алу үшін бірқатар шарттарды сақтау қажет.
Мемлекеттік грант алуға үміткерлер:
- тіркелген жұмыссыздар;
- жеке кәсіпкерлер (үш жылдан аз уақыт бұрын тіркелген).
Бұл ретте үміткер төмендегі әлеуметтік санаттардың біріне сай келуі тиіс:
- мүгедектігі бар адамдар;
- "қандас" мәртебесі бар тұлғалар;
- аймақаралық қоныс аударушылар;
- аз қамтылған отбасы мүшелері;
- көп балалы отбасы мүшелері (жұбайы/зайыбы);
- мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған адамдар;
- асыраушысынан айрылу бойынша жәрдемақы алушылар.
Грант мөлшері - 400 АЕК (1 380 000 теңге). Әрбір қатысушы грантты тек бір рет ала алады.
Грант қаражаты ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге бизнес-әлеуетін ашуға, өндірісті жолға қоюға және дамытуға мүмкіндік береді. Осылайша өздерін тұрақты табыспен қамтамасыз етеді.
Бизнес-жоспар қандай болуы керек?
Бизнес-жоспар - бизнесті құрудан бастап нақты мақсаттарға жетуге дейінгі нұсқаулық. Ол неғұрлым жақсы пысықталып, ағымдағы жағдайларға бейімделген болса, грант түрінде қаржылық қолдау алу мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады.
Гранттарды халықты жұмыспен қамту орталықтары грант алуға үміткерлердің өтініштерін қарау жөніндегі аудандық/қалалық комиссиялардың шешімдері негізінде береді.
Үміткерлер бизнес-жобаларын комиссия отырыстарында таныстырады.
Бұл ретте комиссияның әрбір мүшесі бизнес-жоспарды бағалайды. Мынадай критерийлер бойынша бағалау парағы толтырылады:
- бизнес-идеяның бәсекеге қабілеттілігі;
- өткізу нарықтарының пысықталуы;
- бизнес-жобаның қаржылық өміршеңдігі;
- кәсіпкерлік дағдылар деңгейі;
Егер сіз өтініш беруге үлгермей қалсаңыз, уайымдамаңыз. Бұл бағдарлама жылына 4 рет өткізіледі.
I – Өтінім ақпанның 20-сынан наурыздың 3-іне дейін қабылданады.
II - Өтінім мамырдың 15-26-сы аралығында қабылданады.
III – Өтінім шілденің 10-21-і аралығында қабылданады.
IV - Өтінім қыркүйектің 4-15-і аралығында қабылданады.