ЖОО-ның үздік түлектері мемлекеттік қызметке конкурссыз орналасады
Енді оқуды үздік бітірген түлектер мемлекеттік қызметке конкурссыз тағайындалады.
Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Азамат Жолманов хабарлады. Мемлекеттік грантпен оқыған қазақстандық оқу орындарынының үздік түлектері аудан мен ауылдардағы төменгі лауазымдарға конкурстық іріктеусіз тікелей тағайындалады. Мемлекеттік қызметке конкурссыз іріктеуге қатысу үшін түлектердің баға көрсеткіші 85-89 болуы, яғни жалпы балы 3,33-тен кем болмауы тиіс екенін жеткізді.
Облыс ауданы немесе облыстық маңызы бар қала әкімі және мәслихат аппараттарының төменгі лауазымы, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын облыс ауданының және облыстық маңызы бар қаланың атқарушы органының басшы емес лауазымы, аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімі аппаратының басшы емес лауазымы сынды мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға орналаса алады, - деп атап өтті агенттік басшысының орынбасары.
Бұл білікті жастарды мемлекеттік қызметке ынталандыруға, жас мамандардың аудан мен ауылдық аймақтарға оралуына, сонымен қатар өңірлердегі кадр тапшылығын азайтуға септігін тигізеді деп отыр.