Асыға күткен 5G. «Қазақтелеком» желіні салуға кіріспек.
Мемлекет басшысы "Қазақтелеком" АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеевті қабылдады.
Былтыр "Қазақтелеком" АҚ-ның негізгі қаржы және экономикалық көрсеткіштері өскен. Бұл биыл бірқатар ауқымды жобаны іске асыруға мүмкіндік беріп отыр. Олардың негізгісі 5G желісін жүргізу жобасы. Бұл міндетті "МТС" ЖШС және "Кселл" АҚ операторларының консорциумы атқарады.
"Қазақтелеком" акционерлік қоғамының еншілес компаниялары 2027 жылға дейін еліміз бойынша 7 мыңнан астам базалық станция салуға тиіс. Биыл Астана, Алматы және Шымкент қалаларында осындай 486 станция пайдалануға беріледі.
Сонымен қатар биыл ауылдарды одан әрі интернетпен қамтамасыз ету, Қазақстан абоненттерін ескірген ADSL желілерінен оптикаға көшіру жобалары іске асырылады.
Мемлекет басшысы қалалар мен ауылдық жерлердегі телекоммуникация желілерін одан әрі дамыту, сондай-ақ Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыру үшін халықаралық деректер трафигінде желілік инфрақұрылымды өркендету жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.