9-сынып оқушысы өрт кезінде адамдарды құтқаруға көмек беретін робот ойлап тапты
Тараздық оқушы Вячеслав Кузьмин өрт кезінде тілсіз жауды сөндіріп қана қоймай, адамдарды іздеп таба алатын робот ойлап тапқан.
Бұл жоба туралы алғаш рет оқушының жетекшісі Айнұр Сұраншиева айтқан. Ол оқушының кішкентайынан робот жасауға қызығушылық танытатынын атап өтті. Жасөспірім 5-сыныптан бастап мектептен тыс уақытта «Техникалық шығармашылық орталықта» қосымша білім алады екен.
Вячеславтың жетекшісі Айнұр Сұраншиева бұл идея оған Байзақта болған апаттан кейін келгенін айтады. Вячеславтың «Темір батыр» деп аталатын роботы отты өшіргенімен, оның кейбір материалдары отқа төзімді емес екен. Роботтың жетілдіретін жерлері әлі де бар. Алдағы уақытта роботты дронмен байланыстыру арқылы көпқабатты үйлерде өрт болған жағдайда жылдам әрі сапалы әрекет ету мүмкіндіктері де ойластырылуда. Робот әзірге патенттелмеген. Жас өнертапқыш еңбегін төтенше жағдайлар департаментінің мамандарына таныстыруды жоспарлап отыр.
Робот кедергілерді жеңу тұтқасымен және камерамен жабдықталып, ішінде суға арналған екі резервуармен қамтамасыз етілген. Робот суды 5 метрге дейін шашырата алады. Вячеславтың ендігі мақсаты – роботты тезірек патенттеп, одан әрі жетілдіру.