Әйелдердің халықаралық күніне орай 6 мыңнан астам әйел азық-түлік себеттері мен ақшалай сыйлық алады
Әйелдер күні қарсаңында Қарағанды облысында 6 573 әйелге азық-түлік себеттері мен ақшалай сыйлық беріледі, - деп хабарлайды КазИнформ тілшісі. Мерекелік сыйлыққа жалпы 17 миллион теңге қаражат қарастырылған.
Приозерск пен Ақтоғай ауданындағы жергілікті бюджет қаражатынан балалары мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына баратын көп балалы аналарға материалдық көмек беріледі. Дәл осындай көмек Саран қаласында үй жағдайында отырған және ең төменгі зейнетақы алатын әйелдерге де беру жоспарланған.
Мұндай шара басқа да аудандарда жүзеге асады. Айталық Қарағандыда зейнеткерлер мен мүгедектігі бар әйелдерге үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшелері қызмет көрсетеді. Ал Балқаш пен Саранда мүгедек әйелдерге, Бұқар Жырау ауданында әлеуметтік осал отбасыларға, Ақтоғай ауданында зейнеткерлерге, мүгедек әйелдерге, аз қамтылған және көп балалы отбасыларға, ал Шахтинск қаласында мүгедек тұрғындар, зейнеткерлер, аз қамтылған отбасыларға, сондай-ақ Приозерск қаласында -жалғыз басты зейнеткерлерге, Абайда аз қамтылған және көп балалы отбасыларға көмек көрсетіледі.
«Сонымен қатар Қарағанды, Приозерск, сондай-ақ Ақтоғай, Бұқар Жырау және Осакаров аудандарында қайырымдылық акциялары жоспарланған. Мерекелік түскі асқа мүгедек әйелдер, зейнеткерлер, сондай-ақ аз қамтылған және көп балалы аналар қатысады. Бұқар Жырау және Нұра аудандарында халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан әйелдерге көмір сатып алуға көмек көрсетіледі», - деп Қарағанды облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы хабарлады.