Елордадағы 76 нысанда құрылыс тоқтатылды
Астанада 76 құрылыс нысанында ереже бұзылғандықтан жұмыс тоқтатылды, - деп хабарлайды QLIFE.KZ тілшісі елорда әкімдігі сайтына сілтеме жасап.
Олардың қатарында: «Mars Project» ЖШС, «Aiz Kurylys» ЖШС, «Русалдинг Line» ЖШС, «Билдинг компани» ЖШС, «Expert Consulting Agency Kazakhstan» ЖШС, "»Тауекел Инжиниринг» ЖШС, «Global Millennium» ЖШС, «Handan-Astana» ЖШС, «Oreol-Group» және т.б.
«Рұқсат құжаттарынсыз құрылыс жүргізетін субъектілердің бәріне жұмысын тоқтату туралы нұсқама беріліп, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ тиісті жер құқығынсыз құрылысы жүріп жатқан 20 нысан (76 нысанның ішінде) бойынша сот органдарына демонтаждау бойынша талап арыздар беріледі», - делінген хабарламада.
Қалада "Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы" ҚР Заңының талаптарын сақтау бойынша бірқатар түйткілді мәселе бар. Сонымен қатар қала тұрғындарын ақпараттандыру және заңның бұзылуына жол бермеу мақсатында әкімдіктің ресми ресурстарында және БАҚ-та үлескерлердің ақшасын қабылдауға құқығы жоқ құрылыс салушылардың «қара тізімі» жүйелі түрде жарияланып тұратыны айтылды.
Құрылыс компаниялары үлескерлердің қаражатын мынадай жағдайларда ғана қабылдай алады:
- тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторының кепілдігін алу;
- екінші деңгейлі банктің жобасына қатысу;
- тұрғын үйдің (тұрғын ғимараттың) қаңқасы салынғаннан кейін үлескерлердің ақшасын тарту.
Егер қолданыстағы заңды бұза отырып, сізбен мәміле жасалған жағдайда, «Астана қаласы қалалық ортаның бақылау және сапа басқармасы» ММ уәкілетті органына хабарласу сұралады.