Қазақ телевизиясының ардагерлері марапатталды

  «Qazaqstan» телеарнасының 65 жылдығына орай бүгін Қазақ телевизиясында қызмет еткен ардагер-журналистер, дикторлар, режиссерлер мен спорт комментаторлары мерейтойлық медальдармен марапатталды.  

  Шараға Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі қатысып, телевизия ардагерлеріне «Еңбек ардагері» және «Қазақ телевизиясына 65 жыл» мерекелік медалін табыс етті.

  «Ұлттық арна - қазақ телевизиясының ұлағатты ұстаханасы, құтты қарашаңырағы. Осы телеарнаның эпопеясында, телевизия «Алтын қорында» әрқайсыңыздың қолтаңбаңыз қалды. Бүгінде бірнеше арна мен радионың басын қосқан Корпорация Сіздердің ұлағатты істеріңізді жақсы жалғастырып келе жатыр. Арнаның даму жолындағы еңбектеріңізге ризашылығымыз шексіз», - деді министр.

WhatsApp Image 2023 03 03 at 14.27.42

  Журналист Қажы Қорғанов, Гүлмәрия Барманбекова, Құсыман  Игісінов, редактор Молдабек Сағымбек және режиссер Күлнаш Қошанова «Еңбек ардагері» медалімен марапатталса, ардагер-дикторлар Ласкер Сейітов пен Мәриям Айымбетоваға,  ұзақ жылдар ақпараттық редакцияға жетекшілік еткен ардагер журналист Төлеубай Қаймолдиновке, тележүргізуші Баян Секербаеваға, дыбыс режиссерлері Қайрат Тойшыбеков пен Рысты Сәкеноваға және басқа да «Қазақстан» РТРК» АҚ ардагерлеріне «Қазақ телевизиясына 65 жыл» мерейтойлық медалі табысталды.

  «Қазақстан» телерадиокорпорациясының Басқарма төрайымы Ләззат Танысбай отандық телевизия мектебінің қалыптасуына атсалысқан ардагер-журналистерге алғысын білдірді.

photo 5193210563398846849 y