Қазақстанда жаңа мереке пайда болады

 «ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары Аида Балаеваның 2023 жылғы 13 ақпандағы тапсырмасына сәйкес, 2 ақпанды «Ұлттық басылым күні» деп атап өту ұсынылады.

  Осыған байланысты еліміздегі мерекелік күндер тізбесінің құрылымына жаңа мерекелік күн, 2 ақпан – Ұлттық басылым күні енгізіледі», - делінген қаулы жобасында.

  Құжатқа қосымша берілген түсіндірмеде бұл бастама бұқаралық ақпарат құралдарының маңызын ескеріп, мамандарды ынталандыру мақсатында ұсынылғаны жазылған.

  «28 маусым - бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні, 2021 жылдан бастап 1 қазан – радио қызметкерлері күні деп белгіленді. Ұлттық басылымның алғаш шыққан күнін ұлықтау Ресей, Әзербайжан, Тәжікстан, Қырғызстан сияқты елдерде дәстүрге айналды. Бұқаралық ақпарат құралдарының бастауында тұрған «Қазақ» газетінің алғашқы саны шыққан күнін тарихи маңызды датаға айналдырудың маңызы зор», - деп түсіндірме берілген қаулыға.

  Қаулы жобасы сәуірдың 3-іне дейін көпшілік талқылауында болады.