Қазақстанның кірісінен шығысы екі есе көп
Қазақстанда Ұлттық қор қаражатының азаю үрдісі байқалады. Бұл туралы ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев мәлімдеді.
"Бірақ біз Мемлекет басшысының Ұлттық қорды 100 млрд АҚШ долларына жеткізу жөніндегі тапсырмаларын орындауымыз керек. Қазір Ұлттық қор қаражатының азаю үрдісін көріп отырмыз. Соңғы 8 жылда біздің ұлттық қордың қаражаты 73 миллиард доллардан 57 миллиард долларға дейін төмендеді. Мүмкін бір-екі жыл тұрақтандыру болуы мүмкін, біздің мақсатымыз Ұлттық қордағы қаражатты 100 миллиард долларға дейін ұлғайту", - деді ол Парламент Сенатының пленарлық отырысында.
Сенат спикерінің мәліметінше, соңғы 5 жылда республикалық бюджеттің мұнайды есептемегендегі кірісі 66%-ке ұлғайды. Сонымен қатар осы кезеңдегі шығындар 120% -ке өсті. Бұл кірістерге қарағанда шығыстардың екі есе өскенін білдіреді.
Бұған дейін Қазақстан Парламенті Сенатының жалпы отырысында 2023 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау туралы Заң жобасы қарауға ұсынылғаны хабарланған болатын. Бюджет түсімдері 1,5 трлн теңгеге ұлғайып, 19,3 трлн теңгені құрады. Тапшылық ЖІӨ-ге 2,7% деңгейінде сақталды. Республикалық бюджеттің шығыстары 22,5 трлн теңге көлемінде жоспарлануда. Жалпы шығыстардың қосымша ұлғаюы бірнеше басым бағыттар бойынша 2,2 трлн теңгені құрайды. Ұлттық ауқымдағы әлеуметтік маңызы бар жобаларды және стратегиялық маңызды инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру үшін Ұлттық қордан 800 млрд теңге көлемінде нысаналы трансферт қосымша тартылатын болады.