Арал түбіне 1 млн га жерге сексеуіл отырғызылады
ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр елімізде ағаш отырғызу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабарлады.
«Қазір мемлекеттік орман қорының жалпы ауданы 30,5 млн га құрайды, оның ішінде орманмен жабылғаны – 13,6 млн га. Мемлекет басшысының орман қоры жерлеріне 2 млрд ағаш отырғызу жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында әр өңір бойынша орман өсірудің кешенді жоспарлары әзірленіп, бекітілді», - деп Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр жоспарларымен бөлісті.
Оның айтуынша, 2021 жылы 130 млн дана ағаш, 2022 жылы 282 млн дана отырғызылған, яғни жылдық жоспар 100% орындалған. Биыл 188,8 мың га жерге 409,4 млн дана ағаш отырғызу жоспарланған.
«Орман қорын толықтыру жөніндегі іс-шараларды іске асыру Мемлекет басшысының 2029 жылға қарай орманмен қамтылған жер көлемін 14,5 млн гектарға дейін ұлғайту жөніндегі тапсырмасын орындауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар экологиялық жағдайды жақсарту үшін Арал теңізінің құрғаған түбінде фитолесомелиоративтік жұмыстар жүргізілуде. 2025 жылға дейін 1,1 млн гектар алқапқа сексеуіл екпелерін отырғызу жоспарлануда», - деп толықтырды вице-премьер.
2022 жылы Арал теңізінің құрғаған түбінде фитолесомелиоративтік жұмыстар 250 мың га алаңда орындалды, онда сексеуілдің 3 607,8 мың көшеті отырғызылды. Биыл сексеуілді 250 мың гектар жерге отырғызу жоспарлануда.