Елена Рыбакина ширек финалға өтті
Қазақстанның бірінші, дүниежүзінің 7-ракеткасы Елена Рыбакина Miami Open турнирінің 1/8 финалында жеңіске жетті.
Ол бельгиялық теннисші Элизе Мертенспен ойнады. Матч 1 сағат 46 минутқа созылды.
Елена Рыбакина 6:4, 6:3 есебімен жеңіске жетіп, ширек финалға өтті. Турнирдің келесі кезеңінде дүниежүзінің 25-ракеткасы, италиялық теннисші Мартина Тревизанмен ойнайды.
Айта кетсек, Қазақстанның бірінші ракеткасы еліміздің жас теннисшілеріне қаржылай қолдау көрсетті. Қазақстандық 14 жас теннисші 2,5 миллион теңгеден алды. Олар Линара Булешова, Полина Барабанова, Әмина Нұрмахан, Ариана Гогулина, Сәтима Төреген, Ева Корышева, Альбина Кәкенова, Аружан Арыстанбекова, Дана Байдәулет, Іңкәр Дүйсебай, Ая Нүпбай, Полина Слепцова, Сандуғаш Кенжебаева, Зара Дәркен болды.
Қазақстандық және халықаралық ареналарда жеңіске жете бастаған қыздар теннистегі тарихын айтып, Еленаға хат жазған.
«Жас ойыншылар үшін турнир ұйымдастыру немесе грант бөлу дұрыс бола ма деп ойлаймын, өйткені өзім де кезінде Қазақстаннан үлкен қолдау таптым. Енді жас ұрпақтың дамуына менің көмек көрсететін кезім келді», - деп уәде еткен еді Рыбакина Уимблдондағы жеңісінен кейін және сол уәдесін орындады.