«Болашақ» бағдарламасы бойынша құжаттарды қабылдаудың екінші легі басталды
Бүгін елімізде «Болашақ» стипендиялық бағдарламасының конкурсына қатысу үшін өтінімдерді қабылдаудың екінші легі басталды.
2023 жылдың 28 сәуіріне дейін үміткерлердің құжаттары электрондық үкімет порталы арқылы онлайн қабылданады.
Биыл «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқу үшін 555 стипендия бөлінді. Оның ішінде 395 стипендия магистратура және резидентура, ал докторантура бағдарламалары бойынша – 50 стипендия, тағылымдамадан өту үшін - 110 стипендия бөлінді.
Басым мамандықтар тізімінде 262 мамандық қарастырылған. Үміткерлер робототехника, сервистік платформаларды әзірлеу, жасыл технология, қоғамдық денсаулықты сақтау, инклюзивті білім беру және т.б. сияқты еңбек нарығында өзекті мамандықтар бойынша шетелде тәжірибеден өте алады.
«Биыл инженерлік-техникалық және медициналық кадрларға арналған квоталар бекітілді. Енді олар оқуды бастамас бұрын 12 айға дейін тілдік дайындықтан өте алады. Оларға университеттен арнайы шақыру қажет емес. Бұл шара кандидаттардың осы бағыттарға мүмкіндіктерін кеңейтеді.
Сондай-ақ биыл үміткерлерге қойылатын талаптар күшейтілді. Енді шет тілін білу туралы сертификаттың болуы конкурстық іріктеуге қатысу үшін міндетті. Докторантураға түсушілер ерекше жағдай жасалған», - деп тілге тиек етті «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Басқарма төрағасы Олжас Сәкенов.
Биылдың тағы бір өзгерісі – бағдарлама аясында оқытуды бірлесіп қаржыландыруды енгізу. Шетелдік ЖОО грантын жеңіп алған үміткерлер «Болашақ» бағдарламасы аясында қосымша қаржы ала алады. Бұл ретте, олар үшін еңбек өтілі 1 жылға қысқартылатын болады.
Биыл «Болашақ» стипендиясы шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның шешімімен 25 қазақстандыққа берілді. Айта кетейік, жыл соңына дейін «Болашақ» стипендиясына өтінімдерді қабылдаудың тағы екі ағыны өткізіледі: 5 маусымнан 7 шілдеге дейін, сондай-ақ 17 шілдеден 15 қыркүйекке дейін.