Елімізде «Үздік педагог» байқауын өткізудің ережелері мен мерзімі өзгертіледі
Елімізде «Үздік педагог» байқауын өткізу ережелері мен мерзімі өзгермек. Бұл туралы «Ашық» НҚА порталында орналастырылған Білім министрлігінің тиісті бұйрығында көрсетілген.
«Конкурстың І кезеңін өткізу туралы хабарландыруды білім беру саласының уәкілетті органы оны өткізу басталғанға дейін кемінде күнтізбелік 30 күн бұрын министрліктің ақпараттық жүйесіне орналастырады. Аудан, қаланың (облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың) білім бөлімі аудан (қала) аумағында таратылатын бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды, сондай-ақ бөлімнің интернет-ресурсында орналастырады», - делінген жаңа редакцияда.
Биыл байқауды өткізудің уақытын өзгерту жоспарда тұр. Бұйрықтың жаңа редакциясының шешіміне сәйкес байқаудың І кезеңі мамыр айында басталады. Бұған дейін педагогтардың өтініштері қыркүйек айында қабылданса, биыл бәрі басқаша форматта болмақ. Ал байқаудың ІІ кезеңі тамыз айында, финал қыркүйекте ұйымдастырылады. Байқаудың қорытындысы қараша айында шығады.
Мұғалім күні қазанның 5-і, ал Республика күндері қазанның 25-і болып енгізілуіне байланысты конкурсты өткізу датасы өзгерді. Осыған байланысты аталған нормада I кезеңді өткізу мерзімі қыркүйектен мамырға ауыстырылды», - деп бұйрыққа түсіндірме берілген.
Сонымен қатар I және II кезеңдерде қатысушыларды бағалау тәртібі де өзгеруі мүмкін. Атап айтқанда, қазір кандидаттарға өңірлік комиссия мүшелері балл береді. Осының негізінде жеңімпаз анықталады.
«Өңірлік комиссия шешімінің қорытындылары бойынша 100 балдың кемінде 80 балын жинаған 10-ға дейінгі конкурсқа қатысушы конкурстың І және ІІ кезеңінің жеңімпаздары болады. Конкурстың III кезеңі ағымдағы жылғы қыркүйекте өткізіледі. Онда конкурстың жеңімпаздары анықталады», - деп жазылған өзгеріс мәтінінде.
Бұйрық сәуірдің 13-іне дейін көпшілік талқылауында болады.