Бос орындардың онлайн жәрмеңкесінде жұмыс берушілерге 500-ден астам адам түйіндеме жіберді
Tanda.Enbek.kz порталында өткен онлайн бос орындар жәрмеңкесі барысында 540 адам бос жұмыс орындарына орналасу мақсатында жұмыс берушілерге түйіндемелерін жолдады. Іс-шараға барлығы 3,7 мыңнан астам жұмыс іздеуші қатысты.
Биыл наурыздың 29-ы Tanda.Enbek.kz порталында тау-кен өндіру және өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарының бос жұмыс орындарының онлайн-жәрмеңкесі өтті, оның барысында 22 ірі қазақстандық ұйым Астана, Алматы, Павлодар, Саран қалаларында, Алматы облысының Іле ауданында, Абай облысының Аягөз ауданында және басқа да өңірлерден 50-ден астам кәсіп бойынша 700-ге жуық бос жұмыс орындарын ұсынды.
Қатысқан жұмыс берушілердің қатарында Еуразиялық топқа (ERG) және Polymetal тобына кіретін кәсіпорындар, «Самұрық-Қазына» АҚ, «KAZ Minerals Bozshakol» ЖШС, «Қазэнергокабель» АҚ, «Qazaq Glass Company» ЖШС, «МехЛитКом» ЖШС, «Зенит» Орал зауыты» АҚ, С.М. Киров атындағы «Машина жасау зауыты» АҚ және басқалар болды.
Мұның бәрі онлайн режимінде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Youtube арнасында көрсетілді.
Жалпы жұмыс іздеушілер жәрмеңкеге қатысқан барлық кәсіпорынның HR-менеджерлерімен сөйлесуге, Tanda.Enbek.kz порталындағы жеке кабинетте онлайн-чат арқылы жұмыс шарттары мен бос жұмыс орындары бойынша сұрақ қоюға мүмкіндік алды.