Әлихан Смайылов: Құтқарушылардың орташа айлығы 337 мың теңгеге жетті
Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Сенат депутаттарының сауалына берген жауабында құтқарушылардың айлығы 2025 жылға дейін 2 есе өсетінін мәлімдеді.
«Мемлекет басшысының 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауын іске асырудың жалпыұлттық іс-шаралары жоспары аясында 2022 жылдан бастап азаматтық қызметшілердің жекелеген санаттарының еңбекақысы көбейтіліп жатыр. Оның ішінде азаматтық қорғаныс құтқарушылары да бар. Олардың жалақысы лауазымдық айлық коэффицентін түзету арқылы (2022 жылы – 1,23 (23%); 2023 жылы – 1,45 (18%); 2024 жылы – 1,71 (18%); 2025 жылы – 2 (17%) өзгереді. Осы түзетулерді ескерсек, 2025 жылға қарай құтқарушылардың айлығы 2 есе өседі» деп ҚР Парламентінің Сенаты ресми интернет ресурсында жазды.
Әлихан Смайылов биыл құтқарушыларға өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жұмыс атқарғаны үшін лауазымы айлығының 70% көлемінде үстемеақы белгіленгенін еске салады.
«Одан бөлек азаматтық қызметшілердің, бюджет есебінен күн көріп отырған ұйымдар қызметшілерінің, қазынашылық кәсіпорын жұмысшыларының еңбегіне ақы төлеу жүйесі бойынша құтқарушылардың лауазымдық еңбекақысына атқарып жүрген жұмысының ауырлығына қарай базалық айлықтың 20%-інен 300%-ке дейін үстемеақы мен қосымша төлем қарастырылған. Осы қабылданған шаралардың нәтижесінде құтқарушылардың айлығы қазіргі таңда орта есеппен 337 681 теңге болып тұр», - деп жазылған жауапта.