Қарағандылық спортшы рекорд орнатты
Қарағанды облысы Саран қаласының спортшысы Ксения Игнатова жүзуден бес алтын медаль жеңіп алып, Қазақстан чемпионатында жаңа рекорд орнатты.
Талдықорғанда жүзуден Қазақстан чемпионаты өтті. Оған еліміздің 16 облысынан 300-ден астам спортшы қатысты. Чемпионатта бес рекорд орнатылды. Олардың қатарында Ксения Игнатованың жетістігі бар. Ә.Молдағұлова атындағы олимпиадалық резерв мектеп-интернатының оқушысы 200 метрді арқасымен 02:14.17 нәтижемен жүзіп өтті.
Турнир жүзу бойынша алдағы Жапонияның Фукуока қаласында болатын әлем чемпионатына іріктеу болды. Нәтижесінде Ксения Игнатова және тағы 6 қазақстандық спортшы Күншығыс еліне аттанды.
«2022 жылы сәтті ойын көрсеткеннен кейін Саран қаласының тумасы қатарластарының арасында ұлттық рейтингте бірінші орынды иеленіп, 2023 жылы өтетін Азия ойындарына қатысуға бірінші үміткер атанды», - деп Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт бөлімі хабарлады.