Microsoft Қазақстанда хаб ашады
ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен ҚР Сан-Францискодағы (АҚШ) Бас консулдығы бірлесіп жүргізген жұмыс нәтижесінде еліміздің аумағында Microsoft корпорациясының көпаймақтық хабы ашылмақшы.
Бұл туралы Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин мен Microsoft корпорациясының Қазақстан бойынша бас директоры Сергей Лещенко екіжақты кездесуінде белгілі болды.
Хаб қызметі Орталық Азия елдерін, Әзірбайжан, Армения, Грузия, Моңғолия және Пәкістанды қамтиды.
«Microsoft қызметін локализациялау қазақстанға өңірлік ауқымды технологиялар мен оөық шешімдерді тарту орталығына айналуға мүмкіндік береді. Осылайша Microsoft корпорациясының технологиялық дамуы мен инновациясының орталығы бола отырып, хаб шикізаттық емес технология салаларындағы өнімдерді өндіру мен экспорттауды ынталандыру арқылы адами капиталды дамыту мен ұлттық экономиканы нығайтудың драйвері бола алады», - деп Бағдат Мусин мәлімдеді.
«Microsoft аймақтық хабын құру қазақстан үшін үлкен маңызға ие. Сіздің елде барлық тиісті инфрақұрылым бар. Біз осында жұмыс істеп, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қуанышты боламыз», - деп Қазақстандағы Microsoft кеңсесінің бас директоры Сергей Лещенко хабарлады.
Еске салайық, былтыр қыркүйек айында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының 77-сессиясына сапары аясында Microsoft корпорациясының Орталық және Шығыс Еуропадағы бас директоры Мишель Симмонспен кездесті.
Кездесу барысында одан әрі ынтымақтық мәселелерді, атап айтқанда қазақстандық өкілдіктің аймақтық хабқа дейін кеңеюі талқыланды.