Депутаттар Tik Tok әлеуметтік желісін балалар мен жасөспірімдерге тыйым салуды ұсынды
Мәжіліс депутаттары Алтай Аманжол мен Жанарбек Әшімжанов балалар мен жасөспірімдер арасында TikTok әлеуметтік желісіне тыйым салуды ұсынды.
Мәжілістің жалпы отырысында депутат соңғы уақытта жасөспірімдер арасында суицид пен жазатайым оқиғалардың жиілеп кеткенін мәлімдеді. Сәйкесінше қазіргі қоғамда балаларды тәрбиелеу мәселесінің ақсап тұрғанын көрсетеді.
«Жанымызды түршіктірген, санамызды сілкіндірген Түркістандағы мектеп оқушысының өзекті өртер өкінішті өлімі, Қазалыдағы қатты соққылардан комаға түскен баланы айуандықпен жабылып тепкілеп жатқан жасөспірімдердің азғындық әрекеті, Өскемендегі топ құрып алып өрімдей қызды шешіндіріп қойып, аяусыз сабап жатқан тәрбиесіз қыздардың жиіркенішті әрекеттері – бүгінгі дабыл қағып сөйлеуімнің негізгі себебі», - дейді ол.
Депутаттардың пікірінше, елімізде жақсылықты, мейірімділік пен қамқорлықты қолдайтын және қолданатын әлеуметтік орта қалыптастырылуы тиіс.
«Осы оқиғалар болған жерлердегі жауапты органдардың шындықты жасырып қалуға ұмтылуы халықтың наразылығын туғызып, көңілге үрей ұялатып отыр. Әлеуметтік желілерде ел дүрлігіп, жаңғырығы жалпақ жұртқа жайылғанда ғана ресми органдар тарапынан осы оқиғалардың ақиқаты айтыла бастады. Ал осы іспеттес оқиғалардың қаншасы жабулы қазан күйінде қалып жатқаны бізге беймәлім», - деп толықтырды Мәжіліс депутаты.